Өнеркәсіп

“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ құрылғанына 50 жыл

 

 

 

 

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы «Петропавл ауыр машина жасау зауытының» 50 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Бір кездері қорғаныс техникасын шығарумен айналысқан кәсіпорын тәуелсіздік жылдары дамудың жаңа сатысына көтерілді. Бағытын өзгертіп, ірі ұлттық компаниялардың тапсырысын орындай бастады. Қазір бұл зауытта шыққан өнім республика, одан қала берді шет елдерде де сұранысқа ие. Жыл өткен сайын кәсіпорынның қуаты артып, еңбекақы көлемі де өсуде. Мерейтой иелерін облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Сіздерді зауыттың 50 жылдығымен құттықтаймын. Елбасымыз отандық тауар өндірушілерге зор қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Сіздердің бұл салада атқарған еңбектеріңіз зор. Мереке құтты болсын.

Салтанатты жиында зауыт қабырғасында белсенді еңбек етіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген қызметкерлер облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды. Петропавл ауыр машина жасау зауыты 30 жылдың ішінде 22 млрд теңгенің өнімін жасап, сатты. Еліміздің Қорғанысс министрлігінің тапсырысын орындап, қорғаныс саласына қажетті техникаларды да жасады.

Сергей Громов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
– Сіздердің кәсіпорындарыңыз құрылғаннан бастап зор жетістіктерге қол жеткізді. Зауыт жыл сайын жаңа технологияларды игеріп, еліміздің машина жасау саласында ерекше орын алды. Сіздерді Қорғаныс министрінің атынан мерейтойларыңызбен құттықтаймын.

«Қазақстан инжиниринг ҰК» АҚ алғыс хаттары да өз иелерін тапты. Бұл марапаттар кәсіпорынның алдағы жоспарларын жүзеге асыруға тың серпін бермек.

Қуаныш Бишімов, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры:
– Зауыттың қол жеткізген табыстары ардагерлердің ерен еңбегінің арқасы. Олардың арқасында біз өзіміздің техникалық кешенімізді сақтап қалдық. Кәсіпорын үшін қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созған облыс басшылығына алғысымды білдіремін.
Баршаңызға айтулы мереке құтты болсын.

«Петропавл ауыр машина жасау зауытының» 50 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері аз емес. Дегенмен бағындырар белестер алда.

Инеш Шоқақова