Қоғам

Облыстық әкімдікте Еңбек министрінің қатысуымен кеңес өтті

 

 

 

 

«Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасы пилоттық жоба ретінде үстіміздегі жылдың шілдесінен қолға алынды. Үш бағытта жүзеге асырыла бастаған бағдарлама аясында кадрларды даярлау, жұмыс орындарын ашу, іс жүргізу үшін несие бөлу, тұрғындарды болашағы бар ауылдарға көшіру жоспарланған.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-ҚР Президентінің жолдауы бойынша жұмыссыздарды еңбекпен қамтамасыз ету бағдарламасы қабылданды. Осы бағытта облыста жұмыс басталды.

Даярлық жұмыстарын ерте қолға алған облыстағы еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бүгінде жобаны жүйелі жүзеге асырып жатыр. Әр аудан орталығы мен Петропавлда еңбекпен қамту орталықтары ашылды. 2011 жылдың бірінші қаңтарындағы мәлімет бойынша облыста 22 мың жұмыссыз тіркелген. 9 мыңнан аса адам тұрмысы төмендер қатарында. Еңбек жасындағы тұрғындардың 38 пайызы өз күштерімен жұмыс тауып жатыр.

Асқар Сақыпкереев, СҚО еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы:

– Жеке шаруасы бар адамдар ең алдымен тұрақты жалақымен қамтамасыз етілмеген. Зейнетақы, сақтандыру қорларына төлемдер жасалмайды.  

Бағдарлама аясында осындай тұрғындар қамын жасау жоспарланған. Үстіміздегі жылы ғана бағдарламаға 7 мыңнан аса адам қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 1 миллиард 800 миллион теңге қарастырылған. Өздеріне жұмыс тауып, азын-аулақ шаруа дөңгелетем дегендер үшін мемлекет несие алуды ұсынып отыр. Бөлінген қаржы 6 пайыздық үстемемен таратылмақ. Бұл жұмысты үйлестіру «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылған.

Алексей Чен «Солтүстік» ӘКК басқарма төрағасы:

-Бағдарламаның бұл бағытын жүзеге асыру үшін 200 миллион теңге бөлінді. Біз қыркүйек айында ашық тендер арқылы несие таратумен айналысатын серіктестікті анықтадық. 13 аудан орталықтарында халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аудандардағы еңбекпен қамту орталықтары кадр даярлау мекемелерінде білім алатын адамдар тізімін жасаған.

Бауыржан Оқасов, Жамбыл аудандық еңбекпен қамту орталығының директоры:

– Жамбыл ауданында 86 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. 45 адам әлеуметтік жұмысқа орналастырылды. Екінші бағыт бойынша 14 кредит берілмекші. Үшінші бағыт бойынша 20 үйдің құрылысы басталды.

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова солтүстікқазақстандықтардың бағдарламаны жүзеге асыруда облыстың ерекшеліктерін назарға алғанын бірден байқады.

Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Солтүстік Қазақстан облысы өзгеше. Алдымен ауыл шаруашылығы саласы дамыған. Сондықтан кадр даярлау кезінде агрономия, ветеринария саласына көңіл бөлінген.

Аудандардан , ірі селолардан жұмыс тапқандар үшін тұрғын үйлер құрылысы басталған. Ең алдымен болашағы бар елді мекендерге жастарды көшіру жоспарланған.

Әсем Рахметова