Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облысқа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі келді

 

 

 

 

Жыл санап облыста гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытындағы істерге дем беріліп келеді. Осының нәтижесінде бүгінде түрлі деңгейдегі мәслихат депуттарының 48-і әйелдер. Алайда, бұл барлық халық қалаулыларының 22 пайызы ғана. Қала және аудандар әкімдері орынбасарларының 18 пайызы нәзік жандар. Басшы әйелдер ауылдық округтер мен департамент, басқармалар басшыларының арасында кездеседі.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Гендердік саясатты жүзеге асырудың нәтижелері анық байқалуда. Осы күні әйел адамдардың белсенділігі артып, олар экономикалық қызметпен барынша айналысуда. Қазіргі таңда ірі, орта, шағын бизнестегі 8,5 мыңнан астам нысанның 22 пайызына қыз-келіншектер басшылық етеді. Гендерлік теңдік стартегиясын жүзеге асыру мақсатында облыста әлеуметтік әріптестікті дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Өңірдің саясаткер әйелдері клубының алғашқы отырысына облыстың әр ауданынан ең белсенді, билік тұтқасын ұстаған азаматшалар жиналды. Өз қатарластарына әйелдер ісі , отбасылық-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы елде атқарылып жатқан шараларды жеткізді. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткізілген әйелдер съезінен кейін билік басында бірқатар өзгерістер орын алған. Премьер-министр кеңсесі жетекшісінің орынбасарлығына, аудан әкімдігіне, облыс әкімінің оынбасары қызметтеріне өз ісімен көзге түскен әйелдер тағайындалыпты.

Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Гендерлік теңдік бойынша Қазақстан әлемдегі елдердің ішінен 41-ші орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш бойынша бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан көрініп отырмыз. Еуропаның 13 бірдей мемлекетін шаң қаптырып кеттік. Алайда, атқарар шаруа молынан. Мысалы облыста белсенді, іскер, өз кәсібін дөңгелеткен нәзік жандылар жетерлік. Бірақ, бұл бір буын ғана. Жас қыздарымыз бұл қоғамда әлі де өз орындарын таппағанға ұқсайды. Осындай клубтардың отырыстарында оларға ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беру қажет.

Журналист Ақләйлек Жаукина -облыстың саясаткер әйелдері клубына алғашқы болып қабылданғандардың бірі. Жерлесіміз әйелдерге мол мүмкіндіктер ашылған тұста, оларды пайдаланып қалу қажеттігін айтады.

Ақләйлек Жаукина, «Молодёжная-жастар» газетінің редакторы:
–  Біз менеджер де боламыз, хатшылық қызметтерді, басқа салаларды да меңгереміз. Алайда, өзіміз шешім қабылдап, ел билеу ісіне араласа алмай отырмыз. Меніңше әр істе әйел бастамасы болу керек. Сондықтан, мен жүргізіліп жатқан шаралардың болашағынан зор үміт күтемін.

Саясаткер әйелдер клубы әр сала әкілдерінің басын қосқан. Оның мүшелігіне басқарма басшылары, депутаттар, аудан әкімдерінің орынбасарлары, мектеп директорлары өткен. Әрбіріне клуб мүшелігінің сертификаттарын Гүлшара Әбдіхалықова табыс етті.
ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Петропавл қаласының жұмыспен қамту орталығын аралады. Биыл “Еңбекпен қамту-2020 ” бағдарламасы екі қолға бір күрек таппаған 7 мың жерлесімізді қамтымақ. Қайта оқыту және біліктілік арттыруға 986 маман жолданады. Жұмыспен қамту орталығында бос жұмыс орындары жайлы ақпарат апта сайын жаңарып отырады. Бүгінде 589 кәсіпорынға маман қажет.
Теміржол көлігі колледжінде Гүлшара Әбдіхалықова білім ошағының материалдық-техникалық базасымен танысты, лабораторияларды аралады. Қазіргі таңда колледжде 11 мамандық бойынша 1500 студент білім алуда.
Гүлшара Әбдіхалықова «Изолит» ЖШС де соқты. Кәсіпорын электроқшаулағыш материалдар өнідірісін жолға қойған. Қазіргі таңда кәсіпорында 189 адам еңбек етуде. «Изолит» серіктестігі «Еңбекпен қамту- 2020» бағдарламасының бірінші бағытын жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысуда. Биыл кәсіпорында 21 әлеуметтік жұмыс орны ашылса, 10 жерлесіміз «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша іске тартылған.
Республикалық ведомство жетекшісі жергілікті жердегі еңбекпен қамту бағдарламасының жүзеге асу барысына оң бағасын берді.
Министр ПЗТМ зауытында да болып қайтты. Бүгін кәсіпорын ұжымы 50 жылдығын атап өтуде. Гүлшара Әбдіхалықова цехтарды аралап, шығарылатын өнім түрімен танысты. Мереке күні зауыт басшылығы мен кәсіподақ ұйымының комитеті ұжымдық келісімшартқа қол қойды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Ұжымдық келісімшарт әлеуметтік әріптестік, өзара сенім мен келісім негізінде жасалады. Құжатта екі жақтың тең құқылығы, жұмыс берушінің нақты материалдық және қаржылық мүмкіндіктері қарастырылуы тиіс. Алдағы уақытта кәсіпорында ұжымдық келісімшарттың барлық талаптары мен әлеуметтік міндеттемелер орындалатынына сенім білдіреміз.

Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Әзірше ел көлемінде ұжымдық келісімшарт талаптарын ірі кәсіпорындардың 30 пайызы қабылдады. Олардың қатарына «ПЗТМ» зауытының қосылғаны қуантады. Ұжымдық шарт талаптары бүгінгі заманның талаптарына толықтай жауап береді – атап айтсақ, екі тарап өзара әлеуметтік қамсыздандыру жиынтығы, еңбек жағдайы, еңбек қауіпсіздігін сақтау, т.б.

Зауыт қызметкерлері құжат тұрақтылықты қамтамасыз етіп, еңбек шарттарының жақсаруына мүмкіндік беретініне сенімді. Бұл өз кезегінде бәсекеге қабілетті өнім шығаруға септеспек.

Гүлмира Шоқтыбаева