ТКШ

Тұрғындар сусыз қаламыз деп қорқулы

Энергетиктер поселкесінде көпқабатты баспаналар жоқ. Тек қана жер үйлер. Дегенмен, ондағы тұрғындар коммуналдық қызметтің басты түрлері – жылу және сумен қамтылған. Алайда бір-екі айдан соң осы жердің тұрғындары ауыз судан айырылатын түрі бар. Кезінде су құбыры жылу жүретін құбырларының ортасы арқылы өткізілген екен. Сондықтан жылы жерде тұрған құбыр қысты күні қатып қалмай, жақсы жұмыс істеген. Ағымдағы жылдың маусым айында энергетиктер жылу құбырларын ауыстырып, судікін орнынан алып тастаған. Олардың айтуынша, су құбыры жер үстімен емес, астымен өтуі тиіс. Тұрғындарды қынжылтатыны ашықтан-

 

ашық қалған құбырдың жағдайы. Қыстың аязында мұндағы судың мұзға айналатыны айқын.

Елена Храмцова, Аяған Шәжімбаев көшесіндегі 133 үйдің тұрғыны:
Жылу құбырын ауыстырып берді. Мұндай жақсылықтарына рахмет! Ал судікі не болмақ. Ол жер бетінде осылай жата бере ме? Аязды күндерге санаулы уақыт қалды. Су қатса кәрізіміз бен титанымыз да істен шығады ғой.

Неля Салтыкова аталған поселкеге осыдан 4 жыл бұрын көшіп келген, Аяған Шәжімбаев көшесіндегі 135 үйде тұрады. Онда 6 пәтер бар. Тұрғындардың дені қариялар көрінеді.

Неля Салтыкова, Аяған Шәжімбаев көшесіндегі 135 үйдің тұрғыны:
Бізде 85 жастағы әже тұрады. Ол жалғыз. Денсаулығы нашар. Құдықтан су тасымақ түгілі бір кесе шайды да зорға көтереді. Сонда осындай жалғыз бастылардың күні не болмақ?

Тұрғындардың осы сұрақпен бармаған жері, тоздырмаған табалдырығы қалмапты.

Неля Салтыкова, Аяған Шәжімбаев көшесіндегі 135 үйдің тұрғыны:
-Біз қала әкіміне, «Петропавл су» қызметкерлеріне де бардық. Ештеңе шықпады. Олар бізге құдық тартып береміз дейді. Үйіміздің ішінде су тұрғанда оның не қажеті бар?

Бұл мәселені арқалап біз «Петропавл су» кәсіпорнына бардық. Бас инженер Сергей Визеровтың айтуынша, «Энергетиктер» поселкесіндегі су құбырлары иесіз. Нақтылап айтсақ, бұл үйлер кезінде жекешелендірілген екен. Ал су құбырлары есепке тұрғызылмаған.

Сергей Визеров, «Петропавл су» АҚ бас инженері:
Құбырды жердің астына өткізейік десек ондағы жерді қазуға болмайды. Өйткені ескі үйлер су құбырын өткізуге бейімделмеген. Бұл жерде қиындықты шешудің бірақ жол бар. Су құбырын жылу құбырымен қайта қосу керек.

Бір сөзбен айтқанда поселке тұрғындарына кімнің көмектесетіні әлі белгісіз. Ал қыс болса таяп қалды.

Гүлден Сәрсенбаева