Құқық қорғау органдары

Облыстық үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы

Үстіміздегі жылы облысқа уақытша келген шетелдіктердің қатары артқан. Сәйкесінше ел аумағында болу тәртібін бұзғандардың саны да өскен.

 

Галина Дмитриенко, СҚО прокуратурасының басқарма бастығы:

– 2010 жылы облыс аумағында шетелдік азаматтар 99 қылмыс жасаған. Үстіміздегі жылдың 8 айында 48 қылмыс тіркелген. Негізгілері ұрлық, тонау, есірткі сақтауға қатысты қылмыстар. 2011 жылы 5 мыңнан аса шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 216 -сы ел аумағынан шығарылған.

Бірақатар мемлекеттік органдар арасында байланыстың аздығы байқалады. Мәселен, облысқа көшу үшін квота алған 56 отбасы қағаз жүзінде шекарадан өтпеген. Ал іс жүзінде олардың 46-сы облыста қоныстанып, жайлы күн кешіп жатыр. Қыркүйектің басында Тайынша ауданына ресми сапармен жеткен 9 қытай азаматы сол маңдағы өзен-көлден заңсыз артемия салина аулағаны бұлай тұрсын, көрші-қолаңның қаз-үйрегіне түскен. Ресми қонақтардың бұл әрекетіне миграциялық полиция бейжайлық танытқан.

Жанат Нүтбаев, СҚО ҰҚК бөлім бастығы:

-Жалған құжатпен эксперимент ретінде жіберген азамат облыс аумағында бірнеше күн еркін жүрді. Қонақүйлерде түнеп шықты, аудандық әкімдіктердің ғимаратына кіріп, жөн сұраған. Жергілікті халықпен араласқанда құжатының дұрыс емес екендігін де айтқан.

Шетелдік жалған құжатпен жүргендер бірнеше аудан орталығын еш кедергісіз аралаған. Күдікпен қарағандар, полицияға хабарлағандар болмапты. Бұл әлі де қоғамдағы жайбарақаттықтың басымдығын көрсетеді.

Асқар Досекенов, СҚО прокуроры:

– Уақыт басқа, заман басқа. Халық осыны түсінуі керек. Кей облыстарда жасалып жатқан бүліктерді білесіздер. Сондықтан  алдымен құқық қорғаушылар халықпен жұмыс істеуі керек. Күдікті адамдарды көргендер тиісті органдарға хабар беруі тиіс. Бұның барлығы тұрғындар қауіпсіздігі үшін жасалады.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері көші-қон заңнамасын сақтау үшін ведомствоаралық байланысты күшейту, бірлесе жұмыс істеу туралы шешім қабылдады.

Әсем Рахметова