Өнеркәсіп

«ЗИКСТО» АҚ өндіріс көлемін ұлғайтуда

 

 

 

 

Кәсіпорын 90-шы жылдардың аяғына қарай темір вагондарды шығаруға ден қоя бастапты. Қазіргі таңда бұл бағытта 7 цех жұмыс істеуде. Бастапқыда тәулігіне 1 вагон дайындалса, қазіргі уақытта оның саны 2-3-ке дейін артқан. Яғни өндірістің қуаты мен көлемі жыл санап ұлғаюда.

Мәлік Омаров, «ЗИКСТО» АҚ құрастыру бюросының бастығы:
– 2008 жылдың аяғынан бастап біздің кәсіпорын вагондардың 4 моделін жасаумен айналысады. Олардың жартысын өз қаражатымызға жасасақ, қалған бөлігін дайындауға үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша мемлекеттен қолдау алдық. Өткен жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі екі есеге артты.

Бұл жердегі құрылғылардың дені кәсіпорын құрастырушылары еңбегінің нәтижесі. Құрылғыларды зауыт ішінде әзірлеу уақыт жағынан да, қаражат жағынан да үнемді. «ЗИКСТО» АҚ ұжымы жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, айына 100 вагонға дейін дайындауды жоспарға қойған. Ол үшін қосымша жұмыс учаскесі де сеп болмақ. Өндірістік цехта тәулік бойы қызу жұмыс. Бұл жерде 4 бригадаға бөлінген 111 жұмысшы еңбектенеді.

Қайрат Үстеміров, «ЗИКСТО» АҚ өндіріс цехы бастығының орынбасары:
– Біз негізінен жартылай вагондарды шығарамыз. Сондай-ақ астық тасуға арналған жүк вагондарының да үлгілері бар. Олардың бәрі полигондарда сынақтан өткізілді. Бұрын айына 30 вагон шығарсақ, қазір 50-ге дейін әзірлеу мүмкіндігіміз бар.

Зауыт басшылығы құрылғыларды үнемі жаңалап отырады. Плазмалық кесуге арналған құрылғы -заманауи қондырғылардың бірі. Оның тиімділігі де жоғары. Құрылғының көмегімен кесілген тетіктерді қосымша механикалық өңдеудің қажеті жоқ. Ералы Шаяхметов зауытта 25 жылдай еңбек етеді. Ол поезд доңғалақтарының жұбын әзірлеу әдісінің қыр-сырына қанық.

Ералы Шаяхметов, «ЗИКСТО» АҚ жұмысшысы:
– Мен мұнда біраз жыл істеймін. Жұмыс жақсы. Жалақы уақытында төленеді.

«ЗИКСТО» АҚ алдағы жоспарлары ауқымды. Кәсіпорын ұжымы 2015 жылға қарай жылына 2000 вагон жасауды көздеп отыр.

Инеш Шоқақова