Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тайыншада астық мол

Даладағы масақ басы кез-келгенді сүйсіндіреді. Облыс әкімі ат басын бұрған әр шаруашылықта гектарынан кем дегенде 20 центнерден бидай шыққан. Қырыққа жеткендер де бар.  «Ковыльное» серіктестігі биыл тоғыз мың гектарға дән сеуіпті. 55 пайызын жинап та үлгеріпті. Әзірге астық шығымдылығы гектарына 23 центнерден айналып жатыр.

 Жалғас Жәлелбаев, «Ковыльное» ЖШС директоры:

 

 

 – 12 комбайн орақ науқанына қатысып жатыр. 4 «Кейс», 4 «Дон», 4 «Енисей» далада жүр. Осы маусымда 40 адам жұмыс істейді. 3 мың тоннаға дейін астықтықты өзімізде сақтай аламыз. Ал қалғанын элеваторларға жөнелтеміз.

Ал «Южное» шаруашылығы орташа 25 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Парға шыққан дән 30 центнерден айналып жатыр. Шаруашылықта тұқым салу жұмыстары да басталып кеткен.

Петр Васьковский, «Южное» шаруашылығының басшысы:

– Қырман жұмыс істеп жатыр. Биыл «Алмаз» атты қондырғы сатып алдық. Дәнді ауа арқылы тазалайды. 1,2,3, репродукцияға бөліп тастайды да, қалдығын бөлек шығарады. Қырманда он шақты адам жұмыс істеп жатыр. Бірінші сұрыпты бидайды тұқымға салдық.

Шаруашылық күн райын берсе, орақты 8-9 күнде аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ халықтың пайын беру, арпа тарату жұмыстарын бастамақшы.
Осы күнгі өткінші жауыннан кейін шаруашылықтардың техникалары біраз уақытқа тоқтап қалды. Өңір басшысы «Поляна» серіктестігінің диқандарымен әңгімелесіп, жұмысшыларға жасалып жатқан жағдайлар туралы сұрап білді. Серіктестіктің диқандары осы маусымда да айына 150-170 мың теңгеден жалақы аламыз деп отыр. Диқан қауымы әр тәулік, сағатты пайдаланып қалуға қармануда. Шаруашылықтардың барлығында бітік астық тұр. Бірақ кей серіктестіктер жұмысты кешеуілдетіп отыр.

Леонид Бурковский, «Озерки» ЖШС директоры:

 – Ауа райының қолайсыздығына байланысты вегетациялық мерзім бірақ ұзарып кетті. Сондықтан бидай көк болып, тура алуға уақытылы шыға алмадық. Ал құлатуға ертерек кіріскенбіз.

«Озерки» серіктестігі өздеріне тиесілі алқаптағы өнімнің жартысын жинапты. Бидаймен қатар арпа-сұлы да орылып жатыр. Халықтың пайын беруді де бастапты. Подлесный селосының жеріне биыл «Әліби» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дән сеуіпті. Жер алудың машақатымен жүргенде дән сіңіру мерзімі біршама өтіп кетсе керек. Маусымның 18-і себілген алқаптарда гектарынан 40 центнерден беретін бидай жайқалып тұр. Серіктестік басшылығы қазанда да жайлы ауа райы болар деген үмітпен отыр. Жалпы Тайынша ауданындағы орақ қызған. Аудан биыл миллионды да бағындырмақшы.

Анатолий Маковский, Тайынша ауданының әкімі:

– 515 мың гектарға дән себілген, оның 60 пайызы бастырылды. Гектар берекелілігі 20 центнерден келе жатыр. Биыл бір миллион тоннадан аса астық аламыз деп отырмыз. Орақ науқанын қазанның 3-5нен қалтырмай аяқтау жоспарда бар.

Ауданда қысқа шөп дайындау да толыққанды жүргізілген. Кей шаруашылықтар екі жылдық қор жинапты.

Әсем Рахметова