Қоғам

Қыркүйектің 24-і – республикалық сенбілік

 

 

 

 

Тазалық жұмыстарына облыстағы мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, әлеуметтік-мәдени салаларда еңбек ететін мекемелер бір кісідей атсалысулары тиіс. Қазір экологиялық акцияға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорындар өздеріне тиесілі аумақтарды абаттандыруы керек.   

Алдағы сенбілікте қаладағы денсаулық сақтау нысандарында атқарар жұмыстар жетерлік. Облыстық перинаталдық орталықтың ұжымы алаңның шөбін шауып, тазалау жұмыстарын сенбілікке шегеріп қойыпты. Ұжым арамшөптің тым қаптап кетуін ылғалдың көп түсуімен байланыстырып отыр. Ұзақ уақыт бойы арамшөпке орақтың тимегені ешкімінің есінде жоқ. Ал облыстық онкологиялық диспансерде ауланы абаттандыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылған.

Мереке Бекембаев,  «Облыстық онкологиялық диспансер» ШЖҚ МКК шаруашылық бөлімінің орынбасары:
– 300 метрден артық асфальт жаңадан салдық. Ауруларға қолайлы болу үшін  орындықтарды  сырлаймыз.Жаңаларын аламыз.

Сондай-ақ жаңа шамдар да орнатылыпты. Алайда электр желісіне қосылмаған   «СевКазэнерго» АҚ тиесілі бағаналарды алып тастаудың реті келмей жүрген көрінеді. Денсаулық сақтау мекемелерімен қатар спорттық нысандардың таза болуы маңызды. «Қарасай» стадионы күніне 8 рет жиналады екен. Ел үшін мерейтойлы жылы бұл жерде 20 түп көшет отырғызылыпты. «Дельфин» және «Жеңіс» спорттық мекемелерінде де көгалдандыру жұмыстары назардан тыс қалмапты. Дегенмен аулаға тас жол төсеу сынды ұсақ-түйек жұмыстар әлі де аз емес.

Руслан Есеналин, СҚО дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы бастығының орынбасары:
– Әлі де атқаратын шаруа жетерлік. Тас жол төсеу, ескі ағаштарды кесіп, орнына жаңасын отырғызамыз деген жоспар бар. Алаңдар жасанды болғандықтан, өрт шығу қаупі бар.

Облыс орталығындағы мәдени ошақтарда да ауланы көркейту жұмыстары қарқын алған. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында 43 балапан қарағай, 85 қайың ағашы отырғызылыпты.

Қуандық Қасымов, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:
– Осы 85 қайыңның 7-і өспей қалды. Олардың орнын ауыстырмақпыз. Ғимаратқа өз күшімізбен ағымдағы  жөндеу жасадық.

Апта сайын сенбілік жасау М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде де дәстүрге айналған. 1,07 га учаскеге  отырғызылған гүлдер мен ағаштарға күтім жасауға ұстаздар мен оқушылар бірлесе атсалысуда. №2 түзету мектеп -интернатында да биыл 50-ден астам көшет отырғызылыпты. Ал бұрынғы қоқыс алаңының орнында түрлі-түсті гүлдерді көруге болады.

Юрий Данилов, СҚО білім басқармасы бастығының орынбасары:
– Қаланы абаттандыру үшін материалдар мен қаражат керек. Мектептерде абаттандыру бойынша біраз жұмыс жасалып жатыр. Жұма сайын сенбіліктер өтеді.

Алайда шеткері орналасқан білім ошақтарының жағдайы мәз емес. Жұмысшы кентіндегі №31 орталау мектеп шатырының көптен бері жөндеу көрмегендігі байқалады. Ал осы аудандағы №42 орта мектептің басты мәселесі  – қоршау, кіре -берісіндегі қоршау ескі, ал сыртында мүлдем жоқ.

 Сенбілік аясында “Тазалықтың ізін қалдыр, Петропавл” атты жастардың экологиялық акциясы да ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Шараны қолдау мақсатында “Бәйге.кз” веломаршы өткзіледі. Ауқымды шараны үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жастар бірлестіктері, студенттер мен оқушылар, сондай-ақ, еліміздің тазалығына бей-жай қарамайтындар қолдап, қатысуға ниет танытып отыр.  Ауқымды патриоттық шара кешкі мерекелік концертпен жабылады. Ал сенбілікте ерекше белсенділігімен көзге түскен жерлестеріміз сыйлықтарға ие болады.

 

  
Инеш Шоқақова,  Гүлмира  Шоқтыбаева