Қоғам

Виктор Самойленконың мерейтойы

 

Виктор Самойленконы өңір тұрғындары білікті ұстаз деп біледі. Әке жолын қуып, талай жылын бала оқытуға арнаған жерлесіміз, кейін бұл қызметін партия қатарында жалғастырып, үгіт-насихат жұмыстарымен айналысқан. Бүгін  өңірге белгілі тұлға 80 жасқа жетіп отыр. Өміріндегі айтулы оқиғамен мерейтой иесін облыс әкімі құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Виктор Самойленко Петропавлға 1963 жылы келген. Жергілікті жерде мектеп директорынан бастап, 1966 жылдан саяси ағарту үйінде, кейін партия облыстық комитетінің лекторлық тобының жетекшісі, үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі сияқты лауазымды қызметтерді атқарды. Бірнеше жыл Жезқазғанда қызмет еткеннен кейін 1988 жылы қайта өңірімізге оралып, облыстық партия комитетінің идеологиялық бөлімін басқарды.
 
Құрметті демалысқа шыққан Виктор Самойленко ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде болған. Отан алдындағы адал қызметі үшін ардагер “Құрмет белгісі” орденімен және бірталай медальдармен марапатталыпты. 80 жасқа келуіне орай, облыс әкімі туған күн иесіне құрмет грамотасын табыс етіп, “Жаңғыру уақыты. СҚО тәуелсіздік жылдарында” жинағын тарту етті. Мерейтойға орай  Виктор Самойленконы құттықтауға достары мен қатарластары, кезінде иық тіресіп еңбек еткен әріптестері жиналған. Әрбірі ардагерді ақылшы, ұстаз, өз ісінің қас шебері ретінде құрметтейді.

Нелли Иванова, еңбек ардагері:
-Ол мұғалімдердің жанұясынан шыққан. Өзі де бұл істі жалғап, балалары мен немерелерін аталған мамандыққа баулыды. Қызмет еткен уақытында ол әрқашан өзінің ақкөңілдігімен, адалдығымен, қарапайымдылығымен жанындағыларын жақын тартатын.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
-Сіз барлығымыз үшін ұстаз және ақылшы болып қала бермексіз. Біз сіз сілтеген жолмен жүріп келеміз. Қай қызметте еңбек етпесеңіз де әрқашан отан үшін, халық үшін бар күшіңізді жұмсадыңыз. Ардагерлер кеңесінде атқарған істеріңіздің өзі біртөбе.

Степан Башкиров, ҰОС ардагері:
-Мен Виктор Владимировичтің ата-анасынан дәріс алдым.
Олар қандай жақсы кісілер болса, баласына да сондай тәрбие берген. Виктор Самойленко өте қарапайым. Шен-шекпен қуып, лауазым іздеген адам емес. Өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындаған адам. Сізге мықты денсаулық тілеймін. Жүз жасаңыз.  

Мерейтой иесінің де ризашылықтарын жаудырған әріптестері мен жолдастарына айтар алғысы шексіз. Мына сөздеріңнен соң тіпті қанаттанып кеттім дейді ол.

Виктор Самойленко, облыстың партия және қоғам қайраткері, өлкетанушы:
Маған көрсетілген құрметке ризамын. Мен қашанда адал еңбек етуге тырыстым. Мәселесін арқалап келгендерге көмек көрсетуге жанымды салатынмын. Мен әлі де ардагерлерге өз көмегімді көрсетсем бе деймін. Сондай-ақ, бүгінде, мол шыққан астықты жинап алсақ деген тілегімді жеткізгім келеді. Нан болса ән де болады.

Өңір басшысы бүгінде астықтың 60 пайызы қамбаға түскенін хабарлады. Гектар берекелігі әзірше 19,8 центнерден айналуда. Серік Біләлов биыл рекордтық мол өнім алу мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, қазан айында ел тәуесліздігінің 20 жылдық мерейтойына орай, Астана қаласында СҚО күндері өтпек. Аға буын өкілдеріне жүктелген міндеттер салмақты. Олар өмірде білген-түйгендерін кейінгі ұрпаққа аманат етіп тапсырулары қажет. Бұл алдағы күннің еншісінде. Ал бүгін Виктор Самойленко мен оны құттықтай келген меймандар естелік суретке түсіп, тарқасты.

Гүлмира Шоқтыбаева