Құқық қорғау органдары

Такси жүргізушісін соққыға жыққандардың ісі бойынша үкім шықты

 

Сот алдына такси жүргізушісін соққыға жыққан топтың екеуі ғана жеткізілген. Біреуі – петропавлдық Қыдырбаев, екіншісі  – Сыртқы істер министрлігі жанындағы құқықтық департамент кеңесшісі Мадияр Нұрханов Қалған үшеуінің аты-жөндері анықталып, түрлері түстелмесе керек.  Сот құжаттары бойынша бұл екеуі із-түссіз кеткен жолдастарымен бірге такси ақысын төлемей, жүргізушісін соққыға жыққан, тіпті, 5 мың АҚШ долларын да талап еткен. Бірақ, жәбірленуші Есқалиев екі айлық сот барысында қарсы тарапқа кешірім жасап та қойыпты. Судья бұл екеудің жасаған бұзақылықтарын куәгерлер түсініктерін жіпке тізгендей екі сағат оқыды. Қыдырбаев екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Ал Мадияр Нұрханов сот үкімі бойынша темір тордың ар жағында қалады.

Жасұлан Қабыш, Петропавл қалалық сотының судьясы:

-Жоғарыдағы айтылған жәйттерді негізге ала отыра   Нұрханов Мадияр Жеңісбекұлы ҚЗ Қылмыстық кодексінің 257- бабы 2- бөлімі а,б тармақшалары бойынша екі жылға бас бостандығынан айырылсын. Нұрханов жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді.

Бұған дейін де кінәсін мойындамаған Мадияр Нұрханов сот үкімімен де келіспейтнін білдірді.
Сот үкіміммен айыпталушының қорғаушылары да келіспей отыр. Олардың айтулары бойынша, іс толыққанды зерттелмеген.

Гүлнар Кинжебаева, айыпталушының қорғаушысы:

-Үкіммен келісуге болмайды. Заңды шешім болмады. Тергеу орындары жіберген заңға қайшылықтарын сот үкімімен жабуға мәжбүр болды.

Қарлығаш Темірова, айыпталушының шешесі:

– Біз бұл үкім бойынша шағым түсіреміз. Өйткені менің ұлымның конституциялық құқығы бұзылды. Қылмысы дәлелденген жоқ.

Сондай-ақ Нұрханов пен Қыдырбаев матераилдық-моральдық шығынды өтейтін болады.

Әсем Рахметова