Билік

“20 игі іс”

 

 

 

Биыл Қазақстанның тәуелсіздігіне жиырма жыл толады. Мерейтойлы жылы мемлекеттік органдар басшылары “20 игі іс” жасауы керек. Акция аясында әр басшы көмек күткендерге қол ұшын беріп, көркейту және көгалдандыру жұмыстарына қатысады. Жиында облыс әкімі ел үшін маңызды жұмысқа белсене кіріскен басшылардың өңірде көп екенін айтты. Бірақ ортақ істен бұлтарғысы келетіндер де табылып қалады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Акцияға барлық деңгейдегі депутаттар атсалысты. Әсіресе ауылдық жерлерде шаруашылық жетекшілері белсенділік танытты. Қаладағы кәсіпорындар басшылары, оның ішінде зауыттар, бизнес өкілдері уақытты оздырмай ортақ іске өздерінің үлестерін қосулары керек.

Петропавл қаласының және аудандар әкімдері 172 игі іс жасаған. Ал мемлекеттік органдар басшыларынікі- 231. Бұл жұмысты атқаруда Ғ.Мүсірепов және Жамбыл аудандары белсенділік танытыпты. Аймақ басшысы зауыттарға қатысты бірқатар сын айтты. Ал Петропавл ауыр машина жасау зауыты Ғ.Мүсірепов және Гашек көшелерінің қиылысында шағын бақ салу жұмысын аяқтауы қажет. Тапсырманы уақтылы орындамағандар жазаланады.
Серік Біләлов қыркүйектің 24-інде елімізде ауқымды сенбіліктің өтетінін хабарлады. Өңір халқы экологиялық акцияға бір кісідей атсалысуы тиіс. Осылайша үлкен мерейтой қарсаңында барлық елді мекендер қоқыстан арылмақ.

Дана Ғизатова