Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекеттік органдар рейтингі

Өткен жылдың наурыз айында елімізде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметін бағалау жүйесі енгізілген болатын. Атқарушы органдар қызметінің тиімділігі 6 бағыт бойынша бағаланады. Бастысы – стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру. Сондай-ақ актілерді орындау, бюджеттік қаражатты игеру, мемлекеттік қызмет көрсету және ақпараттық технологияларды қолдануды да назардан тыс қалдырмауы керек. Бұл талаптар бойынша облысымыздағы атқарушы органдардың қызметі өзге өңірлердің көрсеткішінен әлдеқайда төмен.

 Аида Балабаева, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:
– Біз облыстағы 12 басқарманың стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруы бойынша Сауда және экономикалық даму министрлігіне ақпарат жібердік. Министрліктің алдын ала мәліметіне сәйкес облысымыздың жалпы көрсеткіші 65,12 ұпайды құрайды. Бұл бағамен келіспеген органдар 5 жұмыс күні мерзімінде көрсеткіштерді қайта қарастыру үшін министрлікте өз нәтижелерін қорғады.

Бағаланған 12 мекеменің үшеуі көрсеткіштерін арттырып қайтты. Ал білім беру басқармасының көрсеткішінде өсім жоқ. Нәтижесінде облысымыз қажетті 100 ұпайдың 66,46 -на ғана ие болды. Серік Біләлов мемлекеттік орган басшыларына бұл кемшіліктерді түбегейлі жойып, алдағы уақытта жұмысты жүйелі жоспарлауды міндеттеді.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Барлық мекемелердің  көрсеткіші бойынша облыстың жалпы рейтингі шығарылады. Кейбір басқармалар жұмысты дер кезінде орындамай, барлық талаптарды ескермегендігінен біздің өңір көш соңында. Өз жұмысын қажет деңгейде атқармайтын басқармаларға қатысты қатаң шаралар қолданылуы тиіс.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының көрсеткіші тіпті 13,8 ұпайға дейін төмендепті. Басқарма бастығының орынбасары Хасип Сюникаев бұл негізінен қажетті салалардың толықтай қамтылмағандығына байланысты екендігін алға тартты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бұл бағаға сәйкес тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы басқармасының өңіріміздің экономикасының дамуына еш үлесін қоспағанын көруге болады. Бұл өзге де мекемелерге қатысты мәселе. Мұндай жағдайда басқармалар страгегиялық жоспарларды өзгертулері керек.

Жергілікті органдардың қызметін бағалау жобасы тәжірибеге алғашқы жыл енгізілгендіктен, мекеме басшысына тек тәртіптік жаза қолдану ұйғарылды. Құрылыс басқармасының көрсеткіші де 89,5 ұпаймен сол күйінде қалған. Көрсеткіштің бір орыннан жылжымағанына нысанды мерзімінен кеш тапсыратын мердігер ұйымдар себепкер болған көрінеді.

Серік Махметов, СҚО құрылыс басқармасы бастығының орынбасары:
–  Жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін орын алған қателіктерді жоятын боламыз. Жоспар бойынша 1 қазанға дейін 65 мың шаршы метрді тапсырамыз. Соның арқасында жыл аяғына дейін көрсеткіштерді арттырмақпыз.

Отырыстың соңында Серік Біләлов экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мен жергілікті атқарушы органдарға бірқатар міндеттер жүктеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 –  Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Аида Балабаеваға мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарды құрастыру және стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Жергілікті атқарушы органдардың басшылары мақсатты индикаторларды жоспарлау кезінде көрсеткіштерді қарастырулары тиіс. Сондай-ақ жоспарлау кезінде жұмыстың орындалмау қаупі де ескеріліп отыруы тиіс және мекеменің құзырына жатпайтын шаралар жоспарға енбеуі керек. Тапсырманың орындалу мерзімі қарашаның 1-не дейін.

Сондай-ақ облыс әкімінің нұсқауы бойынша басқармалардың көрсеткіштерін жіті қадағалайтын арнайы комиссия құрылмақ.