Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ресей теміржолының көрмесі

Сайын даланың төсіне отарбаның жорғалағанына сан уақыт. Бүгінде жолаушы, жүк вагондарының заман талабына сай ерекшеленген жаңа түрін жыл сайын көруге болады. Петропавл станциясына «Ресей темір жолы» акционерлік қоғамы жеткізген көрме-дәріс кешенінде осы жаңалықтың біразына куә болуға болады. Көрменің ашылуына облыс әкімі Серік Біләлов қатысты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 

 

-Бұл шараның облысымызда ұйымдастырылуы біз үшін аса маңызды. Тәуелсіздік жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты арқасында Ресеймен тығыз байланыс орнады. Қазақстан, Ресей және Белоруссия елдері арасында Кедендік одақ құрылды. Бұл байланыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор ықпал етуде.

Ресей темір жолының көрме-дәріс кешені тамыздың 4-і Мәскеудің Рига вокзалынан сапарға шыққан. Әзірге 45 станцияға аялдауды жоспарлап отыр. Қазақстан жерінде кешен құрамы барын көрсетіп, тәжірибе алмасуды да жоспарлап отыр.

Денис Алексеенков, жылжымалы көрме-дәріс кешені бастығының орынбасары:

-Бұл тек көрме -кешен емес. Біреулер мұражай, біреулер инновациялық пойыз деп атайды. Дегенмен өз тәжірибемізбен бөліспекпіз. Мүмкін біздің жұмысымызды көргендер осы технологияларды қолданар.

Құрамның бірінші вагонында ресейлік темір жол саласының дамуы көрініс тапқан. Одан кейін жылжымалы құрам бейнеленген. Рельске шыққан сан түрлі тепловоздар мен вагондар, жүк тасымалдағыштардың макеті арқылы бүгінгі теміржолдың әлеуетін көруге болады. Ал нанотехнология мүмкіндіктері Ресей теміржолында кеңінен қолданылады. Жолаушылар  мен теміржолшылардың жайлы сапары үшін жасалған талай жаңалық осы вагонда. Энергия үнемдеу саласындағы жетістіктерді, әсіресе диодты шамдарды тек теміржол саласында ғана емес, қарапайым өмірде де қолдануға болады.

Дмитрий Волковский, «Ресей темір жолы» АҚ пойыздарды автоматтандыра жүргізу технологиясының жетекші инженері:

-Энергия үнемдеу саласындағы жетістіктерімізді көрсететін вагонға автономдық майлағыштарды қойдық. Бұл қондырғы күн батареялары арқылы жұмыс істейді. Бұндай қондырғыны электрпойыздарға қойдық. Енді тепловоздарға да орнатпақпыз. Сондай-ақ энергия үнемдеу үшін вагондарды диодты шамдармен жарықтандырамыз.

Сондай-ақ , тепловоз рөліне отыруға да болады. Әрине, бұл да макет. Дегенмен пойыз жүргізгеннен кем болмайсыз. Көрме кешен құрамы ресейлік теміржол жұмыс істеп жатқан жобалармен де бөлісті. Алдағы жылдары көршілер бірнеше тәуліктік сапарды санаулы сағатта бағындыруды да көздеп отыр.

Әсем Рахметова