Спорт

Банкирлер мне пошташылар сайысы

 

 

 

«Қарасай» стадионында сап түзеген азаматтар кәсіби спортшылар емес, спорт әуесқойлары. Нақтылап айтсақ, 18 банк пен «Қазпошта» қызметкерлері. Салауатты өмір салтын ұстанушылар осындай кездесуді әр үш ай сайын ұйымдастырады. Сайыскерлер дәстүрлі додада спорттың сан түрінен мықтыларды анықтайды. Мәселен, 2011 жылдың үшінші тоқсаны спринт, орнынан тұрып секіру, жеңіл атлетика, ядро лақтыру мен ұзындыққа секіруге арналған.

Балахмет Молдинов, жарыс ұйымдастырушысы:
– Жарысты екінші деңгейлік банк өкілдері ұйымдастыруда. Оның ішінде «Құрылыс жинақ банкі», «Дельта», «Эксим» және «Метроком» бар. Сайыс жазғы спорт түрлерінен болады. Енді жарысты ең мықты команда жеңеді.

Биылғы жыл банк қызметкерлері үшін ерекше болып отыр.  Себебі ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы Қазақстанда алғаш пайда болған банктің 140 жылдық мерейтойымен сәйкес келіп отыр.

Жомарт Қажырақымов,  “ҚР Ұлттық банк” ММ СҚОФ директоры:
-Біздің Қазақстан бойынша алғашқы банктің Петропавлда пайда болуы қатты қуантады. Содан бері біздің облыс тек қана жақсы қырынан көрінуде. Жалпы банк қызметкерлері осындай жарысқа 1994 жылдан бері үзбей қатысып келеді. Жалпы спортпен шұғылданған дұрыс нәрсе. Денсаулығы бар адамдар жұмысты да жақсы атқарады.

Сайыстың салтанатты ашылу рәсімінен кейін жарыс жолына бірінші болып жігіттерден жасақталған төрт топ шықты. Олар спринттен жылдамдық сынасты. Жүйріктерге бағындыруға берілген қашықтық 100 метрді құрады. Алғашқы топ арасында алға суырылғандардың бірі «Сбербанк» маманы Азамат Сахтанов болды. Жас жігіт белгіленген жолды 12,2 секундта бағындырды.

Азамат Сахтанов, жарысқа қатысушы:
– Жыл сайын қарсыластарымыз мықты қарсылық білдіруде. Жарыс алдында жақсылап дайындалатын көрінеді. Негізі өз басым осындай сайыстарды құптайды.

Қалай болғанда да «Сбербанктің» ең мықты желаяғы жалпы топтық есеп бойынша оған артылған үмітті ақтай алмады. Оны 11,6 секундтік көрсеткішпен БТА банкінің өкілі Евгений Сизиков басып озды.Жігіттер жарыс алаңын босатқан соң ортаға желаяқ қыздар шақырылды. Нәзік жандарға жүктелген тапсырма жүгі жеңілдеу болды. Оларға бас-аяғы 60 метрді жылдам жүгіріп өту керек еді. Бұл жерде алғашқы топтан «Казкоммерцбанк» қызметкері Ирина Кудальцова көзге түсті.

Ирина Кудальцова, жарысқа қатысушы:
-Мен жүгірумен бала кезімде кәсіби түрде айналысқан едім. Ол кезде мектептегі түрлі шараларға қатысатынмын. Енді міне содан бері талай пайдасы тиюде.

Өткен жолғы жарыстың жеңімпазы «Центр КредитБанк » атанған екен. Ал осы банкиада қорытындысы бойынша І орынды “Қазпошта” АҚ СҚОФ қанжығасына байлады.

Гүлден Сәрсенбаева