Спорт

Байкерлер маусымы жабылды

 

 

 

Бұл адамдарды олардың ұлты, жұмыстары, лауазымдары топтастырған жоқ. Жиылғандардың өмірін бір арнада тоғыстарған – жылдамдыққа деген қызығушылық. Қас қарайғанда байкерлер белгілі бір жерде кездесіп, мотоциклдердің шағын шеруін ұйымдастырады екен. Күз келе бұл жандар сүйікті істерімен шұғылдануды көктемге дейін тоқтатуға мәжбүр. Өйткені қыс мезгілінде 2 доңғалақты көлікпен көктайғақта жүру аса қауіпті. Салтанатты шараға Көкшетау мен Тайынша ауданының мотоцикл жүргізушілері де келіпті.

Сергей Белялин, “Стил-стид” Көкшетау мотоцикл жүргізушілер клубының президенті:
-Байкерлер – өмірін жылдамдықпен, ұзақ жолмен, мотоциклмен байланыстырған адамдар. Олар әрдайым осылай жиылып отырады. Байкерлер маусымының ашылуы Көкшетауда өтсе, жабылуы Петропавлда ұйымдастырылады. Бұл жақсы дәстүрге айналған. Ізбасарларыма айтатын кеңесім – міндетті түрде жолда жүру ережесін сақтау керек. Қаланың сыртында жаттыққан жөн.

Анастасия Харитонова кішкентай кезінен мотоциклмен жүруді армандаған. Бүгін ол қала қыздарының арасындағы жалғыз байкер екен.

Анастасия Харитонова:
– Мотоциклмен жүргенде еркіндікті, ескен самал желді сезінемін. Бұл көлік сол жерімен ұнайды. Көпшілік қауіпті десе де, 2 доңғалақты көлікті жүргізу менің жаныма жақын әрі мен үшін қолайлы.   

Бұл күні байкерлерді қолдау үшін олардың жұбайлары мен балалары келді. Артемий Тимофеев мұндай шараға алғаш рет қатысып отыр. 6 жасар бала әкесінің жолын қуып, мотоцикл жүргізушісі болуды армандайды.

Артемий Тимофеев:

-Мен папам сияқты мықты мотоциклші болғым келеді.

Жиылғандар түрлі ойындарға қатысып белсенділік танытты. Олар байкерлердің мотоцикл жүргізу шеберліктеріне де тәнті болды

Айдана Демесінова