Балалар

Қамаудан босаған жастарды әлеуметтік бейімдеу

 

Жазасын өтеп шыққан жастардың қоғамдық ортаға бейімделіп, тұрақты жұмысқа орналасуы – конференцияда сөз болған басты мәселе. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар аз емес. Алайда сотталғандарға қолдау көрсететін ұйымдардың бірлесе шешетін мәселелері әлі де баршылық.

Евгений Голендухин, “Жаңа ақпараттық технологиялар аймақтық орталығы” АҚ төрағасы:
– Конференцияға мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады. Жеткіншектердің бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделу механизмін жетілдіру мәселесі шешілмек. Оларға арналған бейімделу орталығын ашу да ойда бар.

Сотталғандардың темір тордың ар жағында кәсіптік білім алу мүмкіндігі де бар. Олар негізінен құрылыс саласының қыр-сырын меңгереді.

Айсұлу Сәрсенбекова, СҚО білім басқармасы әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:
– Біз сотталғандарға балташы, столяр мамандықтары бойынша кәсіптік білім береміз. 360 оқушы мамандық алды.

Сотталғандар халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің көмегіне сирек жүгінетін көрінеді. Осыдан 2 жарым ай бұрын ашылған Петропавл қаласының жұмыспен қамту орталығынан әлі бір де бір жазасын өтеп шыққан азамат қолдау сұрамапты.

Абай Қайсин, Петропавл қаласы жұмыспен қамту орталығының бастығы:
– Біз ашылғаннан бері сотталғандар көмегімізге жүгінген жоқ. Олар келсе, қайта оқытып, стипендия беретін боламыз. Жұмыс орнын табуға да атсалыспақпыз.

Жиында бұл мәселелер жан-жақты қаралып, оларды оңтайлы шешу жолдары сөз болды. Сондай-ақ “Жаңа ақпараттық технологиялар аймақтық орталығы” мен жиынға қатысушы ұйымдар жастарды қоғамға бейімдеу бойынша өзара меморандумға қол қоймақ.

 Инеш Шоқақова