Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шетелден етті қара мал жеткізілді

 

Германиядан келген мына қара мал да  симментальдық тұқымға жатады. Олар Вознесенка ауылындағы жаңадан тұрғызылған мал өсіру кешенінің екі қорасына жайғастырылған. Бұл мал қораны салу үшін 100 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Енді етті және сүтті бағыттағы асыл тұқымды сиырлар солтүстік өңірдің құбылмалы ауа райына бейімделуде.

Қадарма Ашамаев, «СБИ-Агро» ЖШС іс басқарушысының орынбасары:
– Германиялық малдың 200-і осыдан бір ай бұрын, қалған 120-сы кеше ғана жеткізілді. Жаман емес. Олардың сүті майлы. Енді өніміміз жақсарады деген ойдамыз.

Шетелден жеткізілген мал күніне 3 рет жем-шөп жеуге үйренген. Сондықтан азықты мол етіп дайындау маңызды дейді мамандар. 165 ірі қараны тамақтандыруға шаруашылық күніне 18 центнер шөп жұмсайды екен. Дегенмен, жемазықтың құнарлы болуын да қадағалаған абзал. Әйтпесе, сүт құрамы бұзылады. Осы орайда серіктестіктегілер ірі қараға дәрумендері мол құрама азық дайындайды. Ол 8 мың га жерге егілген бидай, жүгері, бұршақ, рапс, қызылша, күнбағыс сынды көкөніс пен дәнді дақылдардан жасалады. Сонымен қатар бұнда әр малдың жағдайы малшының жіті бақылауында.

Сергей Файзиев, малшы:
– Маған жұмысым өте ұнайды. Ірі қара кеше ғана жеткізілді. Олар басында қатты үріккен сияқты. Мүмкін біздің жерді бөтенсінген шығар. Алайда кез келген малға мейірімділік танытсаң болды. Қолға тез үйреніп кетеді.

Бүгінде серіктестік қысты қорықпай қарсы алуға әзір. Ірі қараның басты азығы шөп баяғыда орылған. Биыл оның көлемі 12 мың тоннаны құрап отыр.

Гүлден Сәрсенбаева