ТКШ

Петропавлда ардагерлердің шағын бағы ашылады

 

 

 

К.Сүтішев көшесі Жамбылға тіреліп, арғы жағы қалың орман, қараңғылыққа ұласатын. Ағаш арасындағы жалғыз аяқ жол қалалық мәдениет және демалыс саябағына жетелейтін. Енді міне, бұл жерге шағын бақ салынбақ. Жобаны жасау Ольга Киянцеваға тапсырылған.

Ольга Киянцева, жоба авторы

-Алаңның ортасына 6 орындық, қоқыс жәшіктері , вазондар қойылады. 25 шетен ағашын отырғызамыз. Алаң жанындағы үйдің ауласына асфальт төселеді.

Алдымен алаңдағы ағаштың жартысы қопарылып, жері тегістеліп жатыр. Жерге кеспетас төсеу де басталған. Жұмысты «Коммунхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны атқарады.

Қайролла Ғалеев,  «Коммунхоз» МКК директорының міндетін атқарушы:

-Жұмысты қазанның біріне дейін аяқтау жоспарланған. Бұл облыс орталығындағы тағы бір әдемі алаң болады.

Сүтішев көшесіндегі 77- үйде тұратын Қозыбай ақсақал күн түспейтін терезесінен енді әсем бақтағы өмірді бақылайтын болады.

Қозыбай Әбдірахманов, зейнеткер:

-Мына жақтан келе жатқанда бері жүргің келмейтін. Қап-қараңғы боп тұратын. Үйге жарық түспейтін. Ағаштарды селдіретті. Сыпырып бәрін істеп жатыр. Жұмысшылар көп.

Ата-әжелерге де, балаларға да демалыс үшін жағдай жасалмақ. Әткеншектің де сан түрі қарастырылыпты. Сағаттап қисса айтатын Мағзұм Исағұлов бұл демалыс орнына немерелерін ертіп келуді жоспарлап отыр.

Мағзұм Исағұлов, еңбек ардагері:

– Ақсақалдар демалатын орын істеп жатыр, рахмет. Балаларды, сәбилерді алып келіп, оларға ақыл айтып, Отанды сыйла, егемен елімізді сыйла деп ақыл айтып отырмақшымыз.

Бұл соңғы жылдары облыс орталығында  салынып жатқан 25-ші саябақ.

Әсем Рахметова