Билік

Ғимаратты қайтарып алу үшін күш қолданылуы мүмкін



 

№ 1 түзету мектеп-интернаты бұрынғы «Березка» балабақшасында орналасқан. Ал ғимарат «Балапан» бағдарламасы аясында мемлекетке қайтарылуы тиіс. Сондықтан мектеп-интернат ұжымы Шухов көшесіндегі 40-үйге көшірілмек. Алайда бұрынғы қонақ үй ғимаратының иесі бұл шешімді орындаудан бас тартып, үш ай бойы қарсылық көрсетіп келеді.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
-Меніңше, бұл жағдайды шешу үшін интернат ұжымына күзет агенттігімен келісімге отырып, ғимаратты босатпай отырған жауапсыздарды күштеп шығару қажет. Өйткені ол нысан заңды түрде олардікі емес пе?

Облыстық білім басқармасы мамырдың 27-сі осы ғимаратты бәсеке саудада сатып алған екен. Сату-сатып алу келісімі маусымның 16-сы тіркелген. Осы уақыттан бері № 1 түзету мектеп-интернаты ғимараттың толық иесі атанғанымен, тиесілі жеріне қоныс тебе алмай жүр. Сондықтан интернат күні бүгінге «Березка» бақшасын пана етуде. Егер де балалар Шухов көшесіндегі ғимаратқа қоныс аударса, бұрынғы балабақшаға 320 бүлдіршін қабылданар еді. Онсыз да облыс орталығында 9927 бүлдіршін балабақшаға өз кезегін күтуде. Сондай-ақ брифингте қоғамдық орындардағы тәртіп бұзушылық мәселесі қозғалды. Қала полицейлері қылмыстың барлық түрлері бойынша заң бұзушылықтар 24 пайызға өсті деп отыр. Ауыр қылмыс жасағандар қатары 55 пайызға артқан.

Вадим Яценко, ҚІІБ қоғамдық қауіпсіздік  бастығы:
-Қоғамдық орындарда жиі бой алатын қылмыстардың бірі бұзақылық. Оның жалпы көлемі 116 пайызды құрайды. Ал ұрлық пен қарақшылықтың үлесі 41-98 пайыз. Бұл заң бұзушылықтардың барлығы кешкілік және түнгі уақыттарда жасалған.

Ағымдағы жылы тәртіп сақшыларына көмек сұрап қоңырау шалғандардың саны 964 екен. Оның 945-і кешкі дәмханалар мен клубтардан келіп түскен.

 

Вадим Яценко, ҚІІБ қоғамдық қауіпсіздік бастығы:
– Бірінші орында “Малина” клубы тұр. Одан жапа шеккендердің саны 67-і. Екінші орынға «Филин» тұрақтаған. Үшінші қатарда «Шоколад» түнгі клубы бар. Олардан 51 қоңырау түсті.

Осы тұста тәртіп сақшылары қоңырау демалыс орындарының әкімшілігінен немесе күзет қызметкерлерінен түспегенін тілге тиек етті. Полициямен көбіне зардап шеккендердің өздері хабарласатын көрінеді. Ал түнгі демалыс орындарының иелері болса керісінше бұзақылықты азайту үшін барлық шараны қолға алудамыз деп  шырылдады. Қала әкімі кездесу соңында тұрғын үйлердегі ұрлық мәселесін де талқылады. Өйткені соңғы 8 айда 374 пәтерге ұры түскен.

Гүлден Сәрсенбаева