Қоғам

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу

 

 

 

 Әр отбасы – өз алдына бір әлеуметтік ұйым. Бірақ   сол отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол берілмеуі керек. «Нұр Отан» партиясы бұл жолы тұрмыстық зорлықтың алдын алу мәселелерін көтеріп отыр.

Виктор Молодовский, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының орынбасары:

-Осы дөңгелек үстелден кейін нақты шешімдер қабылданып, оларды Парламенттегі өз фракциямызға жөнелтпекпіз. Яғни, «Тұрмыстық зорлықтың алдын алу туралы» заңға бірқатар өзгертулер енгізілуі керек деп отырмыз.

Полицейлер үстіміздегі жылдың сегіз айында тұрмыстық-отбасылық жағдайда 26 қылмысты тіркеген. Ал әкімшілік жауапкершілікке тарту 30 пайызға өскен.

Руслан Тұғаев, СҚО ІІД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлімше бастығы:

-Әкімшілік кодекстің 79-5 бабы бойыша 1876 адам жауапкершілікке тартылды. 515-і қамалды. Кінәлі ер адамдар. Біз оларды жауапкешілікке тартамыз. Профилактика жүргіземіз.

10-15 тәулік қамауда отырып шыққан адам үйіне оралады. Ашынған отағасы әйелге қол көтеруін бұдан кейін еселей түсуі де мүмкін. «Әйелдерді қорғау орталығына» қолдау іздеп келетін нәзік жандардың да қатары артқан.

Алина Орлова  «Әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Аптасына 5-6 әйел отбасында зорлық көріп, бізге келеді. Яғни, әйелдер бізге, полицияға сене бастаған. Ал бұрындары отбасындағы төбелес, жанжалды сырт көзге көрсетушілер өте аз болатын. Қорлық пен зорлыққа мойынсұнуға болмайды. Мінекей, бұл мәселеге «Нұр Отан» да араласып отыр. Бұған дейін бір де бір партия отбасындағы зорлық мәселесіне тоқталған емес.

Дөңгелек үстелге жиналғандар отбасындағы зорлықтан әйелдерді, балаларды қорғау мәселелерін қозғады. Сондай -ақ отбасындағы зорлықты тұлғаға қарсы жасалған қылмыс деп санау, алдын алу шараларын ауылдық жерлерде жүргізу туралы ұсыныстар Парламентке жөнелтілмек.

Әсем Рахметова