Аптадағы маңызды жаңалықтар

Киров атындағы зауыт қондырғыларын жаңалап жатыр

 

Киров атындағы зауыттың құрылғанына биыл 70 жыл толады. Соғыс кезінде қорғанысқа арналған құрал-жабдықтар шығарған кәсіпорын содан бері талай өзгерістерді басынан өткерді. Бүгінгі күні онда телемехникалық, радиобайланыстық бөлшектер дайындалады. Ал соңғы уақытта өндіріс орны сандық эфирлік және спутниктік телевидениеге арналған аппараттар шығарумен айналысады. Мұның барлығы зауыт сатып алған жаңа құрылғылардың арқасында жүзеге асуда. Атап өтетіні, өндіріс орны жыл санап заманауи техникалармен толығып, білікті мамандардың да қатары артуда. Соңғы көрсеткіш бойынша зауытта 600 адам еңбектенуде. Олардың дені жастар. Мәселен, Евгений Белоусов өз қызметіне осыдан 6 жыл бұрын кіріскен екен.

Евгений Белоусов, «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ техникалық департаментінің директоры:
-Біз әрдайым алға жылжуға тырысамыз. Оны соңғы жетістіктерімізден көруге болады. 2010 жылдан бастап біз сандық телеарнаға қажетті қондырғы шығарумен айланысып жүрміз. 2011 жылы алғашқы тауардың бір тобын қолданысқа бердік. Біз осындай өндірісті меңгеріп алған жалғыз зауытпыз.

Кәсіпорын осыдан бір ай бұрын жұмысына серпін беру үшін Кореяда жасалған заманауи құрылғыны сатып алған. Жаңа қондырғы бір ауысымда 3000-дай қабылдағыш жасайтын көрінеді. Бұған қоса кәсіпорын металл  кесетін лазер де алса керек.

Эльмир Гизатуллин, «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ балқыту машинасының операторы:
-Жаңа қондырғы темірден жасалатын түрлі өнімдерді жедел майыстыруға септеседі. Бұрын шеті қайырылған темірлерді Свердловскіден әкелетінбіз. Енді өзіміз-ақ өндіретін болдық.

Кәсіпорын мемлекеттің қолдауын ала отырып, жаңғырды. Өткен жылы зауыт «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысып, қаржылай қолдауға ие болған. Сөйтіп 81 млн теңге көлемінде несие алған.

Виталий Бескоровайный,  «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ бас инженері:
-Сонымен қатар біз өз қаражатымызға радиоэлементтерді  құрастыратын желі сатып алдық. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыстарымызды әлі де жалғастыратын боламыз. Тағы құны 60 млн теңге болатын құрылғыны алуды жоспарлап отырмыз.

Зауыт өндіріске қажет техника санын толықтыра түсу үшін ағымдағы жылы тағы 200 млн теңге жұмсамақ. Тапсырыстар портфелі де қомақты. Зауыт әрдайым ірі компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатып, жаңа техникалық жетістіктерді меңгеріп отырады. Мәселен, қазіргі таңда кәсіпорынның екі бірдей маманы сандық байланыс құралдары бойынша Амстердамда өтіп жатқан көрмеге қатысуда.

Виталий Бескоровайный, «С.М. Киров атындағы Зауыт» АҚ бас инженері:
-Біз Корея, Америка, Ресей сынды елдердің кәсіпорындарымен байланыстамыз. Олармен  тәжірибе алмасамыз. Болашақта біз де үлкен нарыққа шығатын боламыз.

Бұған қоса зауыт қызметкерлері қазанның 10 мен 12 аралығында Астанада өтетін көрмеге дайындалуда. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шарада жергілікті кәсіпорын өз жетістіктерін паш етпек.

Гүлден Сәрсенбаева