ТКШ

Су құбырлары баяу жөнделуде

 

 

 

 

«Петропавл су» АҚ қаладағы жылы су құбырларын ауыстыру бойынша бастаған ісін күні бүгінге дейін аяқтай алмай, халықты әуреге салды. Мәселен, шаһарымыздың 4 нүктесінде бұл іс белгіленген уақыттан кешеуілдетіп жасалып жатса, 8 мекенжай бойынша жаңа құбырды өткізу жұмысы ордерсіз қолға алынған.

Сейілжан Тастеміров,  Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
– Коммуналдық  шаруашылық қызметкерлерін күнделікті бақылауда ұстап отырмыз. Тәртіп бұзушылыққа байланысты акт жасап, жол полициясымен, құрылыс- архитектуралық бақылау инспекциясына, санитарлық бақылау бөліміне хат жібереміз.

Жұмыстың белгіленген уақытта бітпей, созылып кетуін «Петропавл су» кәсіпорнының мамандары былай деп түсіндірді.
Сергей Визеров, «Петропавл су» АҚ бас инженері:
– Бар гәп жөндеу ісіне байланысты құрылған жоспардың дұрыс еместігінде. Неге десеңіз жобадан тыс коммуникациялық жүйесі істен шығып жататын басқа да тұрғын үйлер бар емес пе? Ал жоспарды орындаймыз деп оларды сусыз қалдырғанымыз обал болар. Міне, осындай келеңсіздіктердің салдарынан жұмысымыз бәсеңдеп қалды.

“Петропавл су” қызметкерлері үшін халыққа ыстық су берумен қатар, құбыр өткізілген жолдарды қайта орнына келтіру мәселесі де өзекті болып тұр. Мәселен жоспарға сәйкес жөнделген 11 жердің қазылған беті жабылғанымен, асфальтпен қапталмапты. Халық қолдарын енді жылы суға малдым дегенде, үй маңындағы тас жолдарынан айырылып белшеден сазға батуда. Жол қозғалысы да бұзылды.

 – Жердің қазылуы көп ыңғайсыздық әкелді. Қоғамдық көліктер аялдамаға жетпестен орта жолда қалдырып кетеді.
– Біздің қаламыздың коммуникациялық жүйесі әрдайым жақсы болатын. Қазіргі жағдай мүлде сын көтермейді. Біз сияқты үлкен адамдар үшін жүріп- тұру қиындап кетті.
– Мен машинамен жүретін адаммын. Жолдың бұзылуынан саяжайыма да бара алмай қойдым.

Қопарылып, тегістелмей қалған жолдардың бірі Мүсірепов пен Уәлиханов көшелерінің қиылысында да кездеседі. Аталған аумақтағы құбырды ауыстыру ісі тамыз айында бітсе де, тас жол төселмепті. Шұңқырдың орны құммен толтырылған. Ал «Петропавл су» АҚ қызметкерлері болса бізге кінә таға берудің қажеті жоқ дейді. Өйткені үстіміздегі жылы тас жол төсеуге қаражат қарастырылмаған.

Сергей Визеров, «Петропавл су» АҚ бас инженері:
– Биыл бізге тас жолға қаражат берілмеді. Сондықтан біз тек қана құбырларды ауыстырудамыз. Қалғанына шамамыз келмейді. Оның үстіне асфальттау ісіне асықпағанымыз да жөн. Өйткені біздің коммуникация 3-10 метрлік тереңдікте орналасқан. Ал оның үстіне төселген топырақ әлі отырады. Егер тас жол құятын болсақ ол опырылып төмен түсіп кетуі мүмкін.

Жолдың қопарылып жатуы жол-көлік оқиғасына соқтыруы әбден мүмкін. Міне біздің көзімізше «Джип» автокөлігінің жүргізушісі асыққаны сонша жаяу жүргіншілердің жолына шығып, құйындатып барады.

Гүлден Сәрсенбаева