Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мұнай құбырындағы апат

 

 

 

 

Оқиға «КазТрансОйл» АҚ шығыс филиалының солтүстікқазақстандық мұнай құбыры басқармасының 1056-шақырымында орын алған. Төтенше жағдайлар бөлімі өкілдерінің айтуы бойынша құбыр сейсенбі күні сағат 19.30- да жарылған.

 Асхат Ержанов, СҚО ТЖД Петропавл қаласы бойынша төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

-Бұл жерде қарағандылық «МТУ Кварц» серіктестігі кабель төсеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Осы фирманың экскаваторы күрегімен құбырға тиіп кеткен. Серіктестік «Казтрансойлмен» жасалған келісім бойынша сағат 18.00 ге дейін ғана жұмыс істеуі керек еді. Бірақ олар күн батқанда да шаруаны жалғастыра берген.

Оқиға орнына «Казтрансойл» АҚ өкілдері, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жеткен. Бірақ бұл жолы құбыр иелерімен кездесудің сәті түспеді.
Алдын ала есептеулер бойынша 200 текше метр мұнай бір мың шаршы метрге жайылған. Бензин тасушы көліктер жиналған мұнайды әкетіп жатыр. Қазір апаттан келген шығын есептелуде.

Асхат Ержанов, СҚО ТЖД Петропавл қаласы бойынша төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

-Мұнай жиналғаннан кейін осы аумақтағы жердің қыртысы ауыстырылады. Яғни, мұнай сіңген топырақ қабаты толық шығарылуы керек. Сондай -ақ мұнайдың Есіл өзеніне құйылмауы үшін шара қолданылды.

Оқиға орны бірден қоршауға алынып, күзет қойылыпты. Қазір жердің бетіне шыққан мұнайды жинап алу жұмыстары жүргізілуде. Апат болған аумаққа өтуге қатаң тыйым салынған. Экологтар да жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Қанат Мұсапарбеков, Есіл экологиялық департаментінің бас мемлекеттік экологиялық инспекторы:

-Қазір мұнайдың өту тереңдігі, аумағы анықталып жатыр. Есіл өзенін қайта-қайта тексеретін боламыз. Әрине, апат бойынша айыппұлдар болады. Дегенмен табиғатқа көп зиян келген жоқ.

Құбырдан аққан мұнай өткен түнде сағат 23.10-да тоқтатылыпты. Ондаған арнайы техника апат салдарын жоюға жұмылдырылған.

Әсем Рахметова