Билік

Қалалық мәслихаттың 41-ші сессиясы

  

 

 

Елімізде атқарушы биліктің жұмысы 20 әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша бағаланатыны мәлім. Бұл жолы қала әкімі Нұржан Әшімбетов баяндамасын осы тұрғыда жасады. 2010 жылдың қорытындысына сәйкес даму деңгейі бойынша Петропавл қаласы Мағжан Жұмабаев ауданын алға жіберіп, екінші орынға тұрақтаған болатын. Ал үстіміздегі жылы алты айдың қорытындысы бойынша бірқатар көрсеткіштердің өсіміне қарамастан, облыс орталығы көш соңында – он төртінші орында.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
– Бірінші жартыжылдықта өнеркәсіп өнімінің көлемі – 32,9 млрд. теңгені құрады. Физикалық көлем индексі – 110,9 пайыз. Бұл көрсеткіш бойынша екінші орындамыз. Қайта өңдеу өнеркәсібінде өнім шығару 20 пайызға артып, 22,3 млрд. теңгені құрады.

Биыл облыс орталығындағы кәсіпорындар 25 млрд. теңгеге келісім жасаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық. Ал азық-түлік өнеркәсібінде өсім жоқ. Керісінше өндіріс көлемі 5,4 пайызға төмендеп, 7,8 млрд. теңгені құраған. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру де біршама қысқарыпты.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
-Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 205 млн.теңгені құрап отыр. Физикалық көлем индексі – 46,5 пайыз. Бұл ең төмен көрсеткіш. Басты себеп – ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен жеке сектор мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін қысқартты. Ет өткізу көлемі – 1,6, сүт 6,7 пайызға төмендеген.

Нұржан Әшімбетовтың айтуына қарағанда, бірқатар көрсеткіштер бойынша өсім облыс орталығында жүз пайызды құрайды. Мәселен, қала халқы таза ауыз сумен толықтай қамтылған. Ал аудандарда бұл бағытта жұмыс барынша жүріп жатыр. Осы себептер де Петропавлдың  рейтингінің аяғына тұрақтауына әсер еткен көрінеді. Қала әкімі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда атқарылып жатқан жұмыстарды да сөз етті. Бұл орайда депутаттарды балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі қалай шешілетіні толғандырады.

Нұржан Әшімбетов,  Петропавл қаласының әкімі:

– Биыл жыл аяғына дейін 900 қосымша орын ашу жоспарланған. Бұл үлкен міндет. 100 орындық «Петушок» балабақшасын қайтардық. Бүгінде 350 орындық бұрынғы балабақшаны қайтарып алу үшін жұмыс істеп жатырмыз. 320 бүлдіршінді қабылдайтын жаңа балабақша пайдалануға беріледі. Тағы біреуі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің меншігіндегі ғимаратта ашылады. Сонымен қатар 50 орынға шақталған шағын орталықты іске қосу межеленіп отыр.

Алдағы уақытта бұл мәселе бұрын балабақша болған ғимараттарды қайтару мен жаңаларын салу арқылы шешіле бермек. Жиында есептік кездесулерде тұрғындардан түскен өтініш-шағымдардың орындалуы да назардан тыс қалмады. Кейбір мәселелердің биыл шешілмейтін түрі бар. Оларды шешу жолдары келесі жылы қарастырылмақ.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
– Шешілмесе, ол кісілерді шақыртып түсіндіру керек. Бұл жұмысты жыл аяғына қалдыруға болмайды. Қазір істеу керек. Жылдың аяғында есеп тағы бересіз. Сонда қайта көтеріледі. Ол тумау үшін қазір шақыртып түсіндіру керек келесі жылы шешеміз деп. Бұл жұмысты қыркүйек айында істеу керек.

Сессияда айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулер ескерілсін дей отыра депутаттар қала әкімінің есебін қабылдады.

Айымгүл Әбілева