Бизнес және экономика

“Бизнестің жол картасы -2020”

 

Сыйымдылығы 45 мың тонна элеваторда қазіргі уақытта 3,5 мың тонна астық сақталуда. Оның 560 тоннасы биылғы өнім. Кәсіпорын астықты осыдан 1 апта бұрын қабылдай бастапты. Қазіргі уақытта серіктестік Жамбыл, Есіл, Қызылжар және Мамлют аудандарының тауар өндірушілерімен келісімшарт жасасқан.

Сергей Костарев, «Асыл-Дән» ЖШС директоры:
– Қазіргі таңда элеваторға келіп түскен астықтың кілегейлігі 18-20%, басым бөлігі 4 класты. Кәсіпорын астықты қабылдау, сақтау, кептіру және өңдеу жұмыстарымен айналысады. Серіктестік ұн үктіру комбинаты болғандықтан, бірінші және жоғары сортты ұн өнімін шығарады.

Егін ору науқанының қызған шағында элеватор күніне 2 мың тоннаға дейін астық қабылдай алады. Ол үшін 20-дан астам техника күші жұмылдырылыпты.  
Серіктестікте күн сайын қызу жұмыс. Қажетті қаржы мәселесі де оң шешімін тауыпты. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Асыл-Дән» серіктестігінің құрылтайшылары «Золотые поля» кәсіпорны «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша 318 млн теңге көлемінде несие алған.

Сергей Костарев, «Асыл-Дән» ЖШС директоры:
– Қазір осы сомаға сәйкес жобалар құрастырылуда. Оның астық сақтау қуаттылығын -10 мың, ал қабылдау қуаттылығын 500 тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар. Бұдан кәсіпорынға 25 млн теңгедей пайда түспек. Ал мемлекеттік қазынаға салық түрінде 6 млн теңге түседі.

«Асыл-Дән» серіктестігінде 230-дан астам жұмысшы еңбектенуде. Өндірістік-техникалық зертхананың меңгерушісі Галина Швецтың бұл кәсіпорында қызмет еткеніне 11 жылдай болыпты.

Галина Швец, өндірістік-техникалық зертхана меңгерушісі:
– Келесі аптада жұмыс бұдан да қарқынды жүрмек. Жұмысым өзімнің көңілімнен шығады. Әрі жалақы да уақытында төленеді.

Серіктестіктің өнімі көршілес Қырғыстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне жөнелтіледі. Өткен жылғы астықтың 98,89 пайызы ұн күйінде экспортталған. Кәсіпорын басшылығы мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке қолдау көрсетілетіні қуантады дейді. Сол демеудің арқасында олар элеватордың астықты сақтау қуаттылығын 70-75 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Инеш Шоқақова