ТКШ

Коммуналдық үй сусыз отыр

 

Бастапқыда кәсіпкер 4 бөлмелі пәтерді дүкен қылып ісін бастаған. Кейін сауда нүктесін кеңейтпек болып, қосымша аумақ қосыпты. Ал дәл сол қосымша құрылыстың астында суық су өтетін құбыр қалып қойған. Құрылысты жүргізбес бұрын құбырды сыртқа шығар деп қанша айтсақ та, сөзімізге кәсіпкер құлақ аспады дейді тұрғындар. Міне енді құбыр жарылып, бес қабатты тұрғын үй сусыз қалды.

Майра Жолтанова, үй тұрғыны:
– Дүкенге қосымша үй салынған. Соның астынан құбыр жарылған. Қазір сусыз отырмыз бүкіл үй.  

Жиналғандардың әрқайсысының айтар уәжі бар. Евгений Серебряков  – 1 топ мүгедегі. Қолына шелек алып сырттан су тасуға денсаулығы келмейді.

Евгений Серебряков,  үй тұрғыны:
– Мен балаларымның денсаулығына алаңдаймын. 4 ай бойы ыстық су жоқ. Ол аз болғандай, суық су да тоқтап қалды.

Тұрғындар бірауыздан кінәлап отырған дүкен қожайыны да осы үйде тұрады. Өзгелердің арқасына аяздай батқан жағдай туралы ол кісінің өз пікірі бар.

Темірхан Жақсылықов, дүкен иесі:
– Қазіргі апатқа дүкеннің еш қатысы жоқ. Менің қағаздарым міне. Құрылыс салуға рұқсат қағаздарым бәрі бар.

3 күннен кейін үйге уақытша су құбыры тартылыпты. Алайда оның қысымының аздығынан 4-5 қабаттағы пәтерлерге әлі де көптен күткен су жетпеді дейді тұрғындар.

Салиха Әлкешова, үй тұрғыны:
– «Петропавл су» бізге осындай жазғы құбыр жасап кетті. Үлкен рахмет.  Бірақ 1,2,3 қабаттарда су болады.Ал 4-5 қабаттарға жетпейді.

Сергей Визеров, «Петропавл су» АҚ бас инженері:
– Бұл аумақты жеке тұлғаның иелігіне беруге байланысты құжаттың күшін жою туралы сот шешімі шықты. Яғни құрылысты бұзу керек деген сөз. Дегенмен дүкен иесінің бұл шешіммен келісетін түрі жоқ.

Қалалық тұрғын үй-пайдалану қызметінің мамандары да бұл мәселе жақын арада өз шешімін табады деп сендірді.

Есен Бүтінбаев, Петропавл қалалық әкімдігі “Тұрғын үй пайдалану қызметі” МКК директорының орынбасары:
– Үй коммуналдық иелікте тұр. Сондықтан біз бұл үйге судың қажетті түрде жетуін қамтамасыз ету үшін бәрін жасамақпыз. Бұл мәселе жан-жақты қарастырылатын болады.

Ал тұрғындарға уақытша шыдамдылық танытудан басқа амал жоқ.

Инеш Шоқақова