Құқық қорғау органдары

Хакер ұсталды

Локалдық жүйенің пайдаланушылары бірнеше күн бойы интернетке қосыла алмаған. Ал кейбіреулерінің компьютерлеріндегі бағдарламалар жойылып, өзге сайттар ашылыпты. Осыған байланысты соңғы кездері ғаламтор қызметін ұсынушыға түскен шағымдар көбейген екен. Серіктестіктің әкімшілігі 2 апта бойы бұл мәселені шешуге тырысқан. Дегенмен олардың әрекеттері еш нәтиже бермеді. Кейін бұзақы электронды пошта арқылы байланысқа шығып, серіктестік өкілдерінен 5 мың доллар көлемінде қаржы талап еткен.

Руслан Яковенко, компания өкілі:

 

– «Аскет» компаниясы 2-ші полиция бөліміне арызданды, белгісіз біреулер локалдық жүйеге заңсыз бұзып кіріп, пайдаланушылардың компьютерлеріндегі ақпараттарын ашып, пайдаланған.

2-ші полиция бөлімінің жедел уәкілдері хакерді іздеуге білек сыбана кірісті. Бұзақы өз іздерін жойып отырған, компьютерінің IP-адресін, интернетке шығу орындарын өзгерткен. Алайда бұл тәртіп сақшыларының заң бұзушыны құрықтауына кедергі бола алмады. Ұсталған 20 жастағы хакердің ешқандай арнайы білімі болмай шықты, ол тек орта мектепті ғана аяқтаған екен. Күдікті осы серіктестіктің қызметін пайдаланып жүріпті. Интернеттің жұмыс сапасына қанағаттанбаған ол осындай бұзақылыққа барған екен. Жігіттің үйіндегі компьютер айғақ ретінде тәркіленді. Ұсталғанға қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол ірі көлемде айыппұл төлейді. Сондай-ақ бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.

 Айдана Демесінова