Қоғам

Азаматтық форум

 

 

 

Үкіметтік емес ұйымдардың 5-форумы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткізіліп отыр. Жиырма жылда үшінші сектор халық пен мемлекеттік органдар арасын байланыстырушы көпірге айнала алды.

Қайрат Тойымбеков, Қазақстан Азаматтық альянсының қоғымдық-саяси жобалар үйлестірушісі:

-Бірінші форум барысында азаматтық альянс құрылған. Ал үшінші форумда 2006-2011 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамыту концепциясы жасалды. Бүгінде біз атқарылған біраз жұмысты айта аламыз. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік органдар жұмысын сараптайтын жағдайға жетті.

Бүгінде облыста 260- тан аса үкіметтік емес ұйым жұмыс істеп жатыр. Олардың 30 пайызы, яғни, негізгілері 90-шы  жылдары құрылған. Осы уақытта азаматтық ұйымдар жергілікті бюджеттен ғана бөлінген 134 миллион теңгеге 200 ден аса жобаны жүзеге асырған.

Сергей Худяков, «СҚО азаматтық альянсы қауымдастығы » заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы:
– Біздің облыста үкіметтік емес ұйымдар көп емес, бірақ олардың көпшілігі толыққанды жұмыс істейді. Бізде экологиялық , тұрғын үй-коммуналдық, жергілікті өзін -өзі басқару бағытындағы жұмыстар бір ізге қойылған.

Дегенмен, әлі де үкіметтік емес ұйымдар қамти алмай отырған бағыттар жетерлік. Сондай-ақ әлеуметтік тапсырыстарды орындау мерзімінің аздығы, кей маңызды жобаларға қаржының аз бөлінуі де жұмысқа кедергі болып отыр.  Соңғы жылдары азаматтық қоғам институттары мемлекеттік органдармен байланысты күшейткен. Яғни, оларды диалог алаңына шақыру үрдісі жақсы нәтиже бере бастады. Мемлекеттік бюджеттің жоспарлануын газет беттеріне жариялау да осы ұйымдардың сұрауы бойынша жолға қойылған. Жыл өткен сайын үкіметтік емес ұйымдарға бөлінетін әлеуметтік тапсырыс көлемі артқан. Мәселен, 2006 жылы облыс бюджетінен бұл салаға 10 миллион теңге бөлінсе, 2011 жылы қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар 34 миллион теңгені игерулері керек. Дегенмен, аудандар мен облыс орталығынан әлеуметтік тапсырысқа қаржы қарастыру әлі де мардымсыз. Мемлекеттік органдар да бюджетті құрау кезінде бұл салаға қаржы бөлмеген. Аталған мәселе келесі жылдың бюджетін жоспарлау кезінде шешілуі керек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Экономика және бюджеттік жоспарлау және өзге де басқармалар басшыларына, Петропавл қаласы мен аудандар әкімдеріне қыркүйектің 30-на дейін 2012 жылдың бюджет жобасына облыстық Азаматтық альянс қауымдастығымен жасалған меморандумға сәйкес мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шығындарын жоспарлауды тапсырамын.

Әкімдіктерде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін толыққанды жүргізу үшін азаматтық қауымдастықтар мүмкіндіктері пайдаланылуы керек. Ақсақалдар алқаларымен, ардагерлер, әйелдер кеңестерімен жұмыс жүргізілуі тиіс. Үкіметтік емес сектор еліміздегі діни ахуалды тұрақты сақтауға атсалысуы керек. Жақында облыста Президент бастамасымен қолға алынған «Жас қыран» және «Жас ұлан» ұйымдары жұмыс істей бастайды. Балалар мен жастар арасында патриоттық тәрбие беретін жаңа ұйымдарға да қолдау жасау керек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Бұл бағытта жұмыс жүргізуді, жаңа ұйымдарды қаржыландыруды, кадрмен қамтамасыз етуді білім басқармасына тапсырамын.

Облыс әкім бұл тапсырмалардан кейін үздік үкіметтік емес ұйым өкілдерін облыстағы азаматтық қоғам құруға қосқан үлестері үшін құрмет грамоталарымен марапаттады. Сондай-ақ , Астанада өтетін 5-ші республикалық азаматтық форумға баратын делегация құрамы анықталды.

 Әсем Рахметова