Денсаулық сақтау

Астаналық кардиохирургтар Петропавлда қабылдау жүргізуде

 

 

Алдағы уақытта астаналық кардиохирургтар шұғыл емге зәру балақайларға тегін ота жасамақ. Оған дейін Елордадан келген мамандар балдырғандардың жүрегін қарап, ақау дәрежесін анықтау үстінде. Осылайша олар Республика бойынша шұғыл операцияға мұқтаж балаларды іріктеп алмақ.

Дмитрий Горбунов, ҚР Ұлттық ғылыми-медициналық орталығы балалар кардиохурургиясы бөлімінің меңгерушісі:
-Біз Павлодар, Өскемен, Қостанай қалаларында болып, сол өңірлердің балаларының денсаулығын тексердік. Республиканың бар облыстарында осылай балдырғандарды бақылап, дерттерінің қаншалықты ауыр екендігін анықтаймыз. Кейін оларға ота жасаймыз.

Қызының болашағына алаңдаған Зәмзәгүл Шәріпова Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылынан келіпті. Қызды тексерген кардиохирургтар оның денсаулығы қалыпты екендігін айтып, ананың қорқынышты сейілтті.

Зәмзәгүл Шәріпова:
-Біріншіден дәрігерлерге рақмет, уақыт бөліп осы Петропавл қаласына балаларға келгендері үшін. Осындай проблемамен кездесіп жатқан балаға көмек көрсетіп, уақыт бөліп келгендері үшін рақмет. Әрқашан қиын кездері осылай жанымызда бола берсін.

Облысымызда жүрек ауруымен 400 бала тіркеліпті. Олардың 40-қа жуығы дереу ота жасауды қажет етеді. Осы көрсеткішті төмендету мақсатында бірқатар іс қолға алынды. Бұл ретте жергілікті ақ халатты абзал жандар алдағы уақытта өздері де ота жасай алатын болады.

Александр Құдайбергенов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:
-Жоғары мамандандырылған тегін медициналық көмек бағдарламасын дамыту аясында кардиохирургия бөлімінің ота жасау бөлімшесіне облыс бюджетінен 35 млн теңге бөлінді. Қажетті құрылғылармен жабдықталуы үшін республика қазынасынан 158 млн теңге бөлінді. Жергілікті мамандар оқудан өтті.

Дәрігерге кіруге өз кезегін күтіп тұрған аналар да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға разы. Барлығы да балаларының амандығын тілеп, дерттен тез айығып кетуіне үміттеніп отыр.

Астаналық дәрігерлер келіп жатыр. Өте жақсы болды. Міне баламызды әкелдік көрсетуге. Алла жазса, алдағы уақытта барлығы да ойдағыдай өтеді деп ойлаймыз.
Астанадан келген дәрігерлерге қуаныштымын. Осылай балаларымызды әкеліп тексертіп жатырмыз. Бәрі де жақсы болады деп ойлаймыз.

Елордасынан келген дәрігерлер бұл күні 52 баланы қабылдап үлгерді. Солардың 15-сіне жақын арада Астанада ота жасалатын болады.

Айдана Демесінова