Қоғам

Адвокаттар мен нотариустар аттестациядан жергілікті жерде өтеді

 

 

Адвокаттық және нотариустық қызмет ұсынғысы келетіндер енді аттестациядан жергілікті жерде өтетін болады. Шілденің бірінен бұл қызмет министрліктен облыстардағы әділет департаменттеріне беріліп отыр.

Ирина Сактанова, СҚО әділет департаментінің бөлім бастығы:
-Аттестация жүргізу тәртібіне енгізіліп отырған бұл өзгеріс әкімшілік кедергілердің қысқаруына мүмкіндік береді. Өйткені адвокаттық және нотариустық кеңсе ашқысы келетіндердің Астанаға барып-келуі уақыт алады. Әрі бұл шығын.

Бүгінгі күні аттестация өткізуге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Айту керек, аттестация бұрынғыша екі кезеңнен тұрады. Тапсырылатын құжаттар тізімі де өзгерген жоқ.

 Тағы бір маңызы жәйт, 2012 жылдан салық төлеушінің тіркеу нөмірі мен әлеуметтік жеке код жойылып, оларды жеке идентификациялық нөмір ауыстырады. Сондықтан азаматтар идентификациялық нөмірі бар куәлікті қаңтар айына дейін алулары керек. Бұл өзгерісті енгізудегі мақсат – мәліметтерді тіркеудің бірыңғай жүйесін құру. Жеке идентификациялық нөмірі жоқ, бірақ жылжымайтын мүлігі бар азаматтар алдағы уақытта қиындыққа тап болуы мүмкін. Облыс орталығында мұндай 7000 мыңнан артық адам тұрады. Сондықтан әділет департаментінің қызметкерлері алты айдан бері мүлік иелері жөніндегі мәліметтерді қайта нақтылап түзетіп жатыр. Үй-үйді аралап, бұл жөнінде тұрғындарды хабарландыруда.

Тамара Делицой:
-Келіп ескерткендері жақсы болды. Ұлым да бұл үйдің иесі болып табылады. Бірақ қазір ол Ресейде тұрады. Өзіме қатысты барлық мәліметтерді тапсырған болатынмын. Енді одан бар мәліметті біліп, департаментке хабарлаймын.

Айту керек, бұл мәселе тегін не болмаса азаматтығын ауыстырғандарға ғана қатысты емес. Туған-туысқандары дүниеден өткен тұрғындар да қажетті мәліметтерді әділет департаментіне тапсыруы тиіс. Не болмаса 33-54-06, 36-41-10, 33-29-01 телефондарына хабарласуға болады.

Айымгүл Әбілева