Мәдениет

Суретші Сангат Яруллиннің көрмесі

 

Бүгінгі көрмеге Сангат Яруллин таңдаулы деген 37 шығармасын ғана әкеліпті. Бірақ сүйікті театрында еңбек еткен 46 жыл ішінде ол 200-ден астам қойылымның аңдатпа, сценаграфияларымен қоса, костюмдерінің үлгілерін салған. Олардың бірқатары елдің басқа қалаларының көрмелеріне де көрік беріп тұрған көрінеді.

Сангат Яруллин, Н.Погодин атындағы орыс драма театрының бас суретшісі, ҚР еңбегі сіңген өнер қайраткері:
– Жыл сайын республикалық, бүкілодақтық фестивальдарға қатысып тұрдым. Басқа қалаларға барғанда менің ұнаған жұмыстарымды алып қалатын. Негізінен бұл суреттер режиссермен, актерлермен әңгімелесіп, бір тоқтамға келген соң ғана туатын еңбектер.

Сангат Яруллиннің жүздеген еңбектерінде мыңдаған адамның жан дүниесі: сұлулығы мен пәктігі, мұңы мен қайғысы көрініс тапқан. Автордың өзіне “Закон вечности” деп аталған еңбегін салу бәрінен қиынға соғыпты. Бұл туындыда суретші жан күйзелісіне шалдыққан адамдардың тағдырын бейнелеуге тырысқан. Ал көрмеге қатысқан сыншы көздер сұлулықты ғана байқаған сынды.

Айдар Әлпейісов:
– Сангат Саматовичтің картиналары маған қатты ұнады. Олардың әр түкпірі сезімді білдіреді. Адамдардың оған әдемі сөздер айтқаны да ұнады.

Римма Хабибулина:
-Суреттерге қарап мен дәл қазір көрермендер арасында отырып, спектакль тамашалауды армандап тұрмын. Себебі оның бәрі соншалық әсерлі әрі табиғи.

Мерейтойы иесінің суреттері барлық қала жұртшылығына таныс болғанымен оның өнегеге толы өмірі мен шығармашылығының анық қадірін суретшінің туғандары, дос-жарандары мен әріптестері біледі. Олардың көпшілігі бұл күні Сангат Яруллиннің қасынан табылды.

Кәусар Аяпбергенқызы