ТКШ

Мемлекеттің көмегімен тұрғын үйлер жөнделіп жатыр

 

К.Сүтішев көшесіндегі 2-ші үйдің салынғанына 20 жылдан асқан. Тоғыз қабатты еңселі үйдің төбесінен жаз-күзде су тамшылағынына бірнеше жыл. Әсіресе бұндай уақытта жоғарғы қабаттың тұрғындары алдымен зардап шегеді. Ал күрделі жөндеуге біраз қаржы керек. Тұрғындар өзара келісіп , мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланбақшы болған.

Наталья Данилина, «Қазақстан» ПИК төрайымы:

-Жауын-шашынға төбеге төселген бетон плиталар шыдас бермеді. Әр жылдары жамап-жасқап көрдік. Бірақ су бәрібір ағып тұрды. Сондықтан күрделі жөндеуге келістік. Қаржыны мемлекет бөлді.

Төбені жөндеуге қажетті 6 миллион теңгені алысымен, нысанда жұмыс басталды. Алдымен ұзақ жыл жатып, қар мен судан тозған рубероид қопарылады. Орнына екі қабат жаңа құрылыс материалы – рукон төселіп жатыр.

Анатолий Борисевич, «Казстройкомпания» ЖШС бригадирі:

-Бұрынғы төрт қабат рубероидтың орнына екі қабат рукон төсейміз. Отандық сапалы материал. Сондай ақ, төбенің жақтауларын қаңылтырмен қаптап жатырмыз.  

Жұмыс барысында құрылысшылар суағарлар мен желдеткіштердің орнатылуына да ерекше көңіл бөліп жатыр. Бұл үйде 152 пәтер бар. Бағдарлама бойынша бөлінген қаржыны өтеу үшін тұрғындар бір шаршы метр үшін айына 8,4 теңге төлеу керек. Мәселен, 50 шаршы метрлік пәтер үшін айына 420 теңгеден шығады. Бұндай жұмыс Мир көшесіндегі 110- үйде де жүргізіліп жатыр. Үй тұрғындары шатыр салуға келісіпті. Нысандағы жұмыс 13 миллион 317 мың теңгеге бағаланыпты. Бұл үйде  45 пәтер ғана бар. Сондықтан шығын да біршама көбірек. Дегенмен мәселені шешудің де жолы табылған.

Рашида Морозова, «Мир 2» ПИК төрайымы:

-Бізде есептелген 200 мың теңгенің орнына 16 мың төлейтін пәтер иелері де бар. Себебі олар халықты әлеуметтік қолдау бөлімі арқылы мемлекет көмегін алып отыр. Жалпы мемлекеттік көмек 60- тан 90 пайызға дейін. Сондықтан, тұрғындардың көпшілігі бұл несиені 7 жылға созғысы жоқ, бірден төлеп жатыр.

Мир көшесіндегі 110- үйдің шатыры қазанның 10-ы салынып бітеді деп жоспарланған. Яғни, күздің қара жауынында тұрғындар зардап шектейтін болады.

Людмила Пильчук, Мир көшесі 110-үй тұрғыны:

-Бізге 51 мың есептелінді. Ал егер мемлекеттің қосымша көмегі болмаса қарызымыз 200 мыңнан асып кетер еді. Сондықтан осы 50 мыңды бірден төлемекшімін. Ең жоғарғы қабатта тұрамыз. Сондықтан биыл, төбеміз әрі құрғақ, пәтеріміз жылы болады деп ойлаймыз.

Яғни, әуелгіде жөндеу үшін ай сайын бірнеше мыңнан шығады деп дүрліккен тұрғындар саябырсыған. Көпшілігі көрсетілетін көмекке қол жеткізу үшін барлық қарызды бірақ өтеуге ұмтылып жатыр.

Әсем Рахметова