Мәдениет

Байланыс саласы қызметкерлері арасындағы тіл байқауы

Дәстүрлі фестиваль байланыс компанияларында қазақ тілінің маңызы мен мекеменің негізгі бағыт-бағдарын айқындайтын көрмеден басталды. Мұнда 6 телекоммуникациялық байланыс операторларының жұмысымен танысуға болады. Компания өкілдері өздері көрсететін қызметтері мен оның тиімділігін көрме арқылы жеткізе білді. Бұл – байқаудың бірінші кезеңі.

Ербол Шәймерденов, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағаттар комитеті төрағасының орынбасары:
– Бұл шараның солтүстік өңірде өтуі тегіннен емес. Бұл өңірде қазақ тілін меңгеруге деген тұрғындардың ынтасы жылдан-жылға өсіп келеді, аясы кеңіп келеді.

ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып отырған ауқымды шараны ұйымдастыру бұл жолы «АЛТЕЛ» АҚ бұйырыпты. Байланыс саласында мемлекеттік тілді қажет деңгейде білетін білікті мамандар даярлау -өзекті мәселелердің бірі.

Ринат Сисембаев, «Алтел» АҚ филиалдар мен дистрибьюторлықты дамыту департаментінің директоры:
Фестивальге 6 байланыс операторлары қатысуда. Байқаудың негізгі талабы бойынша команда мүшелігіне қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері қатысады.

Алматыдан келген «ҚазТрансКом» құрамасының мүшесі Ирина Пактың байланыс саласында қызмет еткеніне 6 жыл болған. Мемлекеттік тілде еркін сөйлеу – елге деген құрметтің белгісі дейді ол.

Ирина Пак, «КазТрансКом» АҚ жобаларды қолдау департаментінің жетекші маманы:
Мен мұндай фестивальге 2-ші рет қатысып отырмын. Көп дайындалдық. Жеңіске жетеміз деп ойлаймын.

Телекоммуникациялық компаниялар мемлекеттік тілде іс жүргізуге ден қойған. «»Қазақтелеком» АҚ ірі бизнес-компаниялар арасында алғаш болып байланыс саласында жиі қолданылатын терминдерді қамтыған сөздік құрастырыпты. Және бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда дейді компания өкілдері.

Нағия Смағұлова, «Қазақтелеком» АҚ ұйымдастырушылық-бақылау комитетінің директоры:
Біздің мекемеде іс жүргізу құжаттары екі тілде жүргізіледі. Сондай-ақ қызметкерлер қашықтықтан оқыту курстарына қатыса алады. Мемлекеттік тілде семинар-тренингтер өткізіледі.

Қазақтың тілімен қатар халқымыздың салт-дәстүрін, мәдениеті мен тұрмысын насихаттайтын дәстүрлі шара кең қолдау тапты.

 – Мен «Қазпоштада» жұмыс істеймін. Өзімнің әріптестерімді қолдауға келдім.

– Мен Билайн командасын қолдауға келдім. Біз жеңіске жетеміз деп ойлаймын.

3 кезең қорытындысы бойынша жеңімпаз деп танылған командаға алғаш рет ауыспалы кубок табыс етілмек.

Инеш Шоқақова