Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді

 

 

 

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарын «Петерфельд Агро» ЖШС-нен бастады. Мұнда ол астық жинау науқанымен танысты. Ағымдағы жылы серіктестіктің алқап көлемі 4 427 гектарды құрады. Оның ішінде егістік жері 2961 га, ал 2878 га жерге бидай егіліпті. Сондай-ақ 182 га жерге картоп отырғызылды.
Мемлекет басшысы бұдан кейін «Сби Агро» серіктестігінің жайылымына  ат басын бұрды. 10 жыл бұрын бұл жер бос болған. Осы уақыт аралығында мұнда үлкен өндірістік кешен бой көтерді. Бүгінде шаруашылық 2472 ірі қара мал, 1119 жылқы және 7100 шошқаны ұстайды. Шілде айында Австриядан 120 бас симменталь тұқымдас ірі қара жеткізілді. Қазан айында бұл мал төлдемек. Австриядан Қазақстанға ірі қара алғаш рет әкелініп отыр. Мұндай ауқымды іс мал шаруашылығын дамыту жөніндегі арнайы бағдарлама аясында жүзеге асуда. Қыркүйектің 15-не қарай серіктестіктің кешені тағы да малға толықпақ. Ал қазан айының аяғында Германиядан 395 бас асыл тұқымды мал жеткізіледі. Жоғары өнімді ірі қара үшін жаңа кешен салынды. Мемлекет басшысы  тауарды өткізу жайын сұрады.

– Қайда тапсырасыңдар?

– Біздің өз ет комбинатымыз бар. Барлық өнімді сонда тапсырамыз.

– Ол қайда?

– Петропавл қаласында.

Сондай-ақ Елбасы “Сби-Агро” ЖШС өнімінің сапасы жоғары екендігін атап өтті.

-Мұндай шұжықтарды біз бұрын Европада ғана көретінбіз!

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен кездескен Президент асыл тұқымды мал басын аман сақтау бағытында қолға алынған шараларды сұрап білді. Сондай-ақ жем-азық мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ.  Нұрсұлтан Назарбаев мұндағы астық жинау науқаны барсымен да танысты. Ағымдағы жылы «Сби Агро» ЖШС -нің алқабы 17 мың 272 гектарды құрайды. Оның ішінде 10 мың 847 гектар егістік жер  болса, 7729 гектары бидай және бұршақ тұқымдарының алқабы, ал 3139 гектарына майлы дақылдар егілген.
  

Мемлекет басшысы Қызылжар өңіріндегі ара өсіру шаруашылығымен танысты. Бұл орайда Елбасы ара балын өндіретін «Пассик Қызылжар» серіктестігіне ат басын бұрды. Мұндағы бал әкелетін алқаптың аумағы  800 гектарды құрайды. Өндірістің сапасын арттырып, өнім мөлшерін ұлғайту мақсатында серіктестікте түйе бұршақ, қарақұмық, фацелия, экпортцет және күнбағыс сияқты өсімдіктер қолданылады. Соның арқасында мамыр-қыркүйек айларында омарташылар 15 тен 40 келіге дейін бал өндіріпті. Ал прополистің көлемі 8-12 келіні құрап отыр. Мемлекет басшысын балдың қандай әдіспен өндіріліп, сақталатындығы қызықтырды.

 – Биыл біз 100 тонна бал жинадық, балдың 20 түрі бар.

Елбасы облыс экономикасының басты секторы ауыл шаруашылығының дамуына жоғары баға беріп,  омарташылықты қолға алып, өркендетудің еліміз үшін маңызды екенін атап өтті. «Пассик Қызылжардағы» аралар негізінен республиканың оңтүстік өңірі мен көршілес Қырғыстаннан жеткізіледі. Серіктестіктің алдағы жоспарлары ауқымды. Олар шаруашылықты одан әрі кеңейтіп, 2 есе мол өнім алуды көздеп отыр.

Гүлмира Шоқтыбаева,  Инеш Шоқақова