Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ресейлік дәрігерлер Петропавлда құлаққа ота жасауда

Түмен қаласындағы теміржол ауруханасының оталорингологы Илья Ефремов біздің өңірге Солтүстік Қазақстан және Түмен облысы басшыларының арасындағы келісімнің аясында келген. Ресейлік дәрігер үш күннен бері облыстық аурухананың науқастарына ота жасап жатыр. Құлақтың дабыл жарғағына, ортаңғы құлақшаға ота біздің елімізде тек Астана мен Алматы қалаларында ғана жасалатын. Алдағы уақытта бұндай оталарды жергілікті дәрігерлер де жасауды жоспарлап отыр.

Юрий Белоног, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

 

 

-Бұл сапар барысында дабыл жарғағына, есту аппаратының жіңішке құрылымдарына ота жасалады. Бұндай отаны қажет ететін науқастар өте көп. Әрине, алдымен, науқастарға көмек. Сол сияқты біздің дәрігерлеріміз де тәжірибе алатын болады. Биыл үйренсек, келесі жылдан бастап ота жасауды біздің мамандар да қолға алуы мүмкін.

Шындығында, отаны қажет ететін науқастар көп. Бірақ өзге қалаларда емделуді кез-келгеннің қалтасы көтере бермейді. Ресейлік маманның отасына бірден бірнеше адам даярланған. Олардың алғашқылары бүгіннің өзінде жақсы ести бастаған.

Майра Сұрағанова:

– Біздің дәрігерлер құлағыма ота жасау керектігін бірнеше рет айтқан. Бірақ, өзге қалаларға, Ресейге бару қиын. Мінекей, сөйтіп жүргенде екі жақты келісімнің арқасында ресейлік дәрігердің көмегін көрдім. Бүгіннің өзінде есту қабілетім біршама жақсарып қалды.

Ал Әлібек Сұрағанов үшін де түмендік дәрігердің келуі үлкен қуаныш болды. Жастайынан құлағының мүкісі бар жас жігіт бірнеше рет тексерістен өткен.

Әлібек Сұрағанов:

 – Мен Астанада тексерістен өткем. Ота жасату үшін облыстан квота алуды ойластырып жүргем. Осы уақытта маған емдеуші дәрігерлерім түмендік мамандардың келетінін айтты. Ота сәтті өтті. Жағдайым да жақсы.

Ресей клиникаларының өзінде есту аппаратына жасалатын оталардың бағасы 16- 40 мың рубль шамасында. Ал солтүстікқазақстандықтарға ота тегін жасалды. Қаржыны еліміздің денсаулық сақтау министрлігі бөлген.

Әсем Рахметова