Бизнес және экономика

Өнім сапасы бақылауда

 

Дүкен сөрелерінде арнайы сертификатсыз, мемлекеттік тілде бір ауыз ақпараты болмайтын және сақтау талаптары орындалмаған өнімдер жетерлік. Ай сайын мамандар мұндай күмәнді тауар үлгілерін алып, аккредитациядан өткен зертханаларға тексеріске жібереді.

Айгүл Құсайынова, техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО департаментінің мемлекеттік инспекторы:
– Өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау республикалық бюджеттік бағдарламасы бойынша жыл басынан өңірімізде 175 кәсіпорынның өнімі тексерістен өткізілді. Жалпы алғанда 238 азық-түлік, косметикалық өнімдермен қатар құрылыс материалдары да зертханаларға жіберілді.  

Шұжық, ірімшік өнімдері мен дайын салаттар күнделікті тұтынатын тауарлар қатарында. Тұрғындар бұл өнімдердің сақтау мерзімі мен сапасына аса мән бермейді, ал мамандар азық-түлік өнімдері мен тұрмыстық тауарларды таңдаған кезде үнемі мұқият болған жөн дейді.

Айгүл Құсайынова, техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО департаментінің мемлекеттік инспекторы:
– Зерттеу кезінде кейбір шәйнек, үтік сынды тұрмыстық тауарлар техникалық белгілері бойынша жарамсыз деп танылды. Сондай-ақ дайын салаттар мен шұжық өнімдері микробиологиялық көрсеткіштері бойынша мемлекеттік талаптарға сай келмейді. Мұндай өнімдерді шығарушы кәсіпкерлерге 20- 30 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.

Жыл басынан мамандар өнімнің партиясына тыйым салу жайлы 480 ұйғарым шығарған. Сондай-ақ кәсіпкерлерге 1 млн 239 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салыныпты. Бұл ішкі нарықтағы тауарлар мен қызмет сапасын арттырып, тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндірмеудің амалы.

Инеш Шоқақова