Билік

Иесіз жер учаскелері мемлекетке қайтарылып жатыр

 

 

 

 

Облыс орталығында соңғы екі жылда мемлекеттік меншікке жер телімдерін қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы уақытта иесіз төрт мыңнан астам жер телімі есепке алынған. 350 учаске қалалық әкімдік қаулысының негізінде мемлекет меншігіне өтіпті. Оның елу алтысы өңіраралық жер инспекциясының талабы бойынша сот шешімімен қайтарылған.

Мадина Үмбетова, қалалық жер қатынастары бөлімі бастығының орынбасары:
-24 учаске біздің бөлім ұсынған заңбұзушылықтар жөніндегі ақпарат негізінде сот шешімімен қайтарылды. Айту керек, бұл жер телімдерінің көпшілігі алдағы уақытта жеке меншікке немесе құрылыс үшін берілмейді. Өйткені аумақта коммуникациялық желілер орналасқан.

Сондай-ақ 11 жер учаскесін жеке меншікке беру жөніндегі қаулының күші жойылған. Өйткені бұл жер телімдерінің иелері учаскенің кадастрлық төлемін өтемеген және идентификациялық құжаттарын алмаған. Бүгінгі таңда кезінде жеке меншікке заңсыз берілген жер телімдерін қайтару бағытында үлкен жұмыс қолға алынған көрінеді.

Мадина Үмбетова, қалалық жер қатынастары бөлімі бастығының орынбасары:
-Әділет департаментінің сыртындағы тұрғын үйлер жанындағы жер учаскесі заңсыз берілген. Рига мен Айыртау көшелерінің қиылысындағы жерді кәсіпкер қонақүй кешенін салу үшін ресімдепті. Жер инспекциясының сотқа жіберген талабы бойынша қаулы күшін жойды. Сондай-ақ Сәбит Мұқанов көшесіндегі, қалалық ішкі істер басқармасының сыртындағы жер телімдері де қайтарылды.

Десек те, вокзал маңы алаңын әлі күнге дейін қайтарып алу мүмкін болмай тұр. Бұл жердің жеке меншікке өтіп кеткеніне бірнеше жыл болған.

Мадина Үмбетова, қалалық жер қатынастары бөлімі бастығының орынбасары:
-Вокзал маңы алаңы жалпы пайдаланылатын жерге жатады. Сондықтан жеке меншікке берілмейді. Анықтағанымыздай, жер учаскесі жалпы пайдаланылатын санаттан шығарылыпты.
Бұл істің қаншалықты заңға сай екендігін өңіраралық жер инспекциясы анықтайтын болады. Біз 2010 жылдың сәуір айында бұл жер телімін иесіз ретінде есепке алдық. Бір жыл өтісімен 2011 жылы мамандандырылған ауданаралық сотқа арыз түсірдік. Бүгінде ол сот өндірісінде жатыр.

Брифингте сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған отыз сегіз жер телімі жөнінде де айтылды.

Айымгүл Әбілева