Ауыл шаруашылығы

Облыста асыл тұқымды мал басын көбейтудің жаңа әдісі енгізілуде

 

Облыстағы ірі қараның 18-20 пайызы асыл тұқымды. Республика бойынша бұл көрсеткіш 5 пайыз шамасында. Мал басын асылдандырудың бірден бір жолы шеттен жоғары өнімді ірі қара әкелу. Бірақ онымен іс бітпейді. Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтытының ғалымдары соңғы төрт жылда қарапайым қара малдан асыл тұқымды донорлар арқылы етті төл алу жолдарын тәжірибеден өткізіп жатыр.

Жоламан Тәжібаев, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері:

 

 

– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша біздің ғалымдар эмбриондарды трансплантациялау жасап жатыр. Бұл әдісті тәжірибе станциясында жүргізіп жатырмыз. Эмбриондарды отырғыздық. 5 бастан 24 төменгі өнімді қара малға салдық.

Тексерістер 24 эмбрионның 11-і ұрықтанғанын көрсетті. Қара күзде осынша асыл тұқымды төл алу жоспарланып отыр. Мамандар өткен жылдары үш шаруашылықта осындай ұрықтандыру жүргізіпті. Нәтижесінде, жақсы төл алған. Яғни, бұл әдістің арқасында қара малдың тұқымын біраз асылдандыруға болады.

Жоламан Тәжібаев, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері:

– Облыста асыл тұқымды мал аз, бұл әдіс асылдандыруға жақсы.

Институт ғалымдары он шақты жылдан бері етті мұқыл қазақы ақ басты малды сұрыптаумен айналысып жүр. Қазақтың даласына бейім, күй талғамайтын етті ірі қараның бірнеше аталығы өзге облыстарға да жөнелтіліпті.

Асқар Естанов, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім бастығы :

-Аталық іздері жақсы. Өнімділігі 18 пайызға дейін жоғары, еттілігі, сүттілігі жағынан жақсы. 8 айлық бұқашықтарының салмағы 220 килограмдай. Шетелдік малдан кем түспейді.

Ғылыми-зерттеу институтының мамандары мал басын асылдандырудың бірнеше түрін ұсынып отыр. Бұл күндері ғалымдар әр шаруашылықта асыл тұқымды мал ұрығын трансплантациялауға шығуға даяр.

Қанат Мыңжасов, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры:

-Облысқа, бүкіл Қазақстанға таратуға даярмыз. Мамандар бар. Біз облыстағы 30 асыл тұқымды мекемеде жұмыс істеп жатырмыз.

Осылайша ғалымдар облыс шаруашылықтарындағы, тіпті жеке меншіктегі қарапайым сиырлардан асыл тұқымды төл алу әдісін кеңінен қолданбақшы.

Әсем Рахметова