Құқық қорғау органдары

«Абайлаңыз – балалар!» акциясы қойылыммен аяқталды

Жаңа оқу жылының басы балалар үшін көптен күткен көңілді кез болса, ата-аналар үшін бұл алаңдаумен өтетін мазасыз шақ. Әсіресе, бірінші сынып оқушыларын мектепке қараусыз жіберу қауіпті. Сондықтан ата-аналарға жол полициясының қызметкерлері көмекке келді. Алдымен  балалар басқарма мұражайын аралап, өздеріне таңсық жәдігерлерді қызыға тамашалады.

Әсия Әбжанова, ЖПБ аға инспекторы:
Акция аясында бүгін бастауыш сынып оқушылары біздің мұражайымызды аралады және “Менің досым бағдаршам” атты қойылым көреді. Оларға жолда жүру ережелері жазылған стикер, кітапшалар таратамыз. Әрине, бұл шарадан жақсы нәтиже күтеміз.

Жаяу жүргіншілердің жолдағы басты көмекшісі – бағдаршаммен балаларды қуыршақ театрының актерлері жақынырақ таныстырды. Жанданған бағдаршам түстері көңілді әзілмен балаларға жол жүру ережелерін түсіндірді. Ал қойылымға көрермендердің өздері де қатысқандықтан оқушылар ең керегін жақсылап ұғып алған.  
 Жыл басынан СҚО-да балалардың қатысуымен 19 жол-көлік оқиғасы тіркелген екен. Аталған акция бұл көрсеткішті айтарлықтай төмендетуі тиіс.

Кәусар Аяпбергенқызы