Білім

Қазақ-түрік лицейінің шәкірттері ағылшын тілін еркін меңгеруде

 

 

 

Жәмилә Капарова – IELTS емтиханынан қажетті ұпай жинағандардың бірі. 11 сынып оқушысы бұл сынаққа екі айдай дайындалыпты. Сыннан сүрінбей өткен қыз шетелде білім алуға үмітті

Жәмилә Капарова
, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының оқушысы:
Мен IELTS емтиханды тапсырдым. IELTS кітаппен біз және мұғаліммен бірге емтиханға дайындалдық. Осы емтихан маған кішкене қиын болды. Бірақ мен бар күшімді салып, жақсы тапсырдым.

Ал Темірлан Даулетбаев бұл емтиханды осы жылы тапсыруға ниет білдіріпті. IELTS сертификаты Темірлан үшін маңызды құжат. Өйткені ол Назарбаев университетінің студенті атануды көздеп отыр.

Темірлан Даулетбаев, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының оқушысы:
-Лицейімізге жуырда жеткізілген арнайы кітаптармен емтиханға дайындалып жатырмын.
IELTS емтиханының 4 бөлімі бар. Соның әрбіріне мұқият әзірлену қажет.

Өткен жылдан қазақ-түрік лицейінің оқушылары шетелге бармай-ақ IELTS және TOEFL сертификаттарын иелену мүмкіндігіне қол жеткізді. Бұл құжатты алғандар халықаралық дәрежедегі жоғары оқу орындарына түсе алады. Лицейдің 15 оқушысы мұғалімдерінің үмітін ақтап, ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгергендігін дәлелдеді.

Есмағзам Исмуханов, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:
-Өткен жылы ҚТФ қоры мен Оксфорд университеті келісімшарты негізінде қазақ-түрік лицейлерінде IELTS және TOEFL оқулықтары енгізілді, пән бағдарламасы енгізілді.
Ол оқулықтар тек қана 10 және 11-класстарға оқытылады. 10-класстарға IELTS , 11 класстарға TOEFL.

Өткен жылы лицей алғашқы 75 түлегін қанаттандырған. Олардың 16-сы алтын белгі, алтауы үздік аттестат иегері атанса, 18-і халықаралық жарыстардың жүлдегері

Ахмет Гази Чолак, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының директоры:
58 баламыз грандқа түсті. Соның ішінде 22 баламыз Евразия ұлттық университетіне түсті. 14 бала Назарбаев университетіне грандқа түсті. 6 баламыз Әл-Фараби атындағы ұлттық университетке түсті.

Сондай-ақ аталмыш білім ошағының 6 түлегі шетелдік жоғары оқу орындарына жолдама алды. Енді олар Англия, Түркия, Қытай, Корея және Испания елдерінде оқитын болады. Қазақ-түрік лицейінде қазіргі таңда 226 бала білім алуда. Оқытушылар ұжымы бұл шәкірттерінің де биік белестерді бағындыратынына үлкен үміт артып отыр.

Айдана Демесінова