ТКШ

Қалалық әкімдікте жеделсатыларды жөндеу мәселесі талқыланды

 

 

Петропавл қаласы бойынша 43 тұрғын үйдегі жеделсаты апаттық жағдайда тұр. Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша несие алып, жөндеуге рұқсаты бар 2 кәсіпорын көмегімен олардың бәрін жөндеп шығуға болады. Ол үшін бар болғаны тұрғындардың келісімі керек.

Сергей Худяков, «Қазақстанның тұрғын үй- коммуналдық саланы жаңғырту және дамыту орталығы» СҚОФ директоры:
– Егер сіздер шын мәнінде қаласаңыздар кез келген жағдайда шешім табуға болады. Өз кооперативтеріңіз болмаса, көрші үйлермен уақытша ортақтасыңыздар. Олар сіздерге жеке есеп ашып береді. Сіздер сонда бөлек төлейсіздер.

Қала әкімі Нұржан Әшімбетовтың айтуынша, апаттық жағдайдағы 1 лифтіні жөндеуге орташа есеппен 1,5 млн теңге қажет. Ал  ПИК төрағалары арасында 600 мың теңгеге жеделсатыны қалпына келтіргендері бар екен. Соның өзін тұрғындар көпсінетін көрінеді. Дегенмен, егер пәтер иелерінің үштен екі бөлігі келісетін болса, жөндеу басталып кете береді. Соған қарағанда, келгендердің біршамасы мұнымен келісіп отыр. Тағы бір мәселе – банктің тұтқынында тұрған пәтерлерге қатысты. Бұл мәселеде қала әкімдігі сот пен банк өкілдерін жиналысқа шақырып, бір шешімін табамыз деп уәде берді.

 Татьяна Пугачева, Мир көшесі, 294- үйдің ПИК  төрайымы:
-Менің қарамағымдағы екі үйдің бірінде өз күшімізбен жөндеу жасадық. Ол жұмыс істеп тұр. Ал екінші үйдің лифтін қалпына келтіру қымбатқа түскендіктен тұрғындар бас тартты. Мына бағдарламамен оны жасауға мен келісер едім. Тек барлық міндет кооператив төрағаларына жүктеліп қойғандығы ұнамайды.

Жөндеу жұмысына жұмсалатын барлық соманы пәтер иелері 7 жыл көлемінде бөліп төлей алады. Ал  отбасылық табысы төмен азаматтарға бағдарлама аясында көмек қарастырылған. Бүгінгі күні  65 петропавлдық  4 млн 330 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек алған.

Кәусар Аяпбергенқызы