Билік

Жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыру барысы

 

 

 

2020 жылға дейінгі жұмыспен қамту бағдарламасын мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың наурыз айында бекітті. Біздің облыста ауқымды бағдарламаға жеті мың адам қатысады. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыруға 1 млрд. 800 млн. теңге бағытталып отыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бағдарламаны сәтті жүзеге асыру үшін барлық аудандарда және Петропавл қаласында жұмыспен қамту орталықтары құрылды. Бағдарламаға қатысушылар анықталды – бұлар әлеуметтік аз қамтылған азаматтар, жұмыссыздар және өзін-өзі еңбекпен қамтушылар. Бағдарламаны іске асыру мәселелері жөніндегі облыстық комиссия құрылды.

Бағдарламаны екінші жартыжылдықта іске асырудың бағыттары нақтыланған. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Асқар Сақыпкереевтің баяндамасына қарағанда, бір жарым мыңға жуық жұмыссыз бен әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды оқытып, еңбекке тарту көзделген.

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы:
-Жоспар бойынша 986 солтүстікқазақстандық оқып, 395 адам жаңа мамандық алып шығады. 337 азамат сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлық курстарынан өтіп, 254 адам біліктілігін арттырады. Бұл мақсатқа 168 млн. теңге қарастырылған.

Мамандардың біліктілігін арттырып, даярлық және қайта даярлық курстарынан өткізу үшін 17 оқу орны мен ұйым анықталған. Бірақ олардың бірқатарында бүгінде жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмей жатыр. Мәселен, бірінші кәсіптік лицейде 23 адамның жартысы ғана даярлық курсында оқып жатқан көрінеді. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмысты мықтап қолға алуды тапсырды. Жиында мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі де көтерілді. Әлеуметтік жұмыс орындарын құру үшін кәсіпорын жетекшілерімен келісімшарт толық көлемде жасалған.

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы:
-Бүгінгі күні 420 адам жұмыспен қамтылды. Дегенмен Мағжан Жұмабаев ауданында және Петропавл қаласында жоспар толыққанды орындалмаған.

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту бағытында да ауқымды істер жоспарланған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 254 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның 8,7 млн-ы кәсіпкерлік негіздерін оқытуға қарастырылыпты. Бағдарламаның тағы бір бағыты – экономикалық көрсеткіштері төмен елді мекен тұрғындарын болашағы бар ауылдарға көшіру. Өңірімізде 222 тұрғын үй салуға млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Құрылыс 114 елді мекенде жүретін болады. Отырыс қорытындысы бойынша Серік Біләлов аудан әкімдеріне және жауапты ведомстволардың жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар берді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Азаматтарды оқыту бағытындағы барлық ұйымдастыру жұмыстары қыркүйектің біріне дейін, қайта даярлық курстары – бірінші қазанға дейін және біліктіліктіліктерін арттыру үшін мамандар қыркүйек-қазан айлары ішінде оқу орындарына жіберілуі тиіс. Ал қыркүйектің бесіне дейін баспана салуға жоба-сметалық құжаттарды әзірлеуді аяқтау қажет.

Тұрғын үй құрылысын бастау үшін қыркүйек айында байқау өткізіліп, келісімшарт жасалуы тиіс. Несие алуды көздеген ауыл адамдарын кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды қыс маусымына дейін бастау қажет. Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша мониторинг жүргізіледі.

Айымгүл Әбілева