Қоғам

Театр алаңындағы мерекелік бағдарлама

Конституцияның он алты жылдығы – ел өміріндегі айтулы оқиға. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіткен Ата Заңымыз қабылданған күнді барша қазақстандықтар сән-салтанатымен атап өтті. Бұл көштен солтүстік жұрты да қалыс қалмай, ұлық мейрамға ортақтасты. Н.Погодин атындағы театр алаңында “Елім менің – жерім менің” акциясы ұйымдастырылды. Еліміздің көк туын желбіреткен көліктер бүкіл қала бойынша жүріп өтті. Ал мына оқушылар – Конституцияның құрдастары. Олар еліміздің негізгі заңымен бірге жасап, биыл он алты жасқа толып отыр. Мұны кейінгі буын өкілдері айырықша мақтан тұтады. “Ата заң – адам құқықтары мен бостандықтырының кепілі” – осылайша ұрандатқан 200-ге жуық оқушы қаламыздың басты көшесі – Қазақстан Конституциясының бойымен жүріп өтті. Бұл күні сахна төрінде әуелеген әндер де осыны айғақтай түсті. Еліміздің кішкентай азаматтары өнерлерін ортаға салып, алаңға жиналған жұртшылықты тәнті етті. Тамыздың отызы – еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан күн. Ата заңды қабылдай отыра, еліміз өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етті. Бүгінде Конституция біздің саяси, мәдени, рухани және әлеуметтік -экономикалық дамуымыздың қайнар көзі ретінде танылады. Сөйтіп, біз Ата Заңда негізі қаланған құқықтық мемлекетті және аза­маттық қоғамды қалыптастыру жолын таңдап алдық.

 

Бүгінгі таңда Қазақстан – серпінді дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз бағыт-бағдарын, алдында тұрған міндеттерін айқындап алды. Осы мақсаттарға жету жолында сенімді түрде алға жылжып келе жатыр. Әлбетте, бұл жетістіктердің барлығы Негізгі заң аясында жүзеге асуда.

Айымгүл Әбілева