Қоғам

Петропавлда ҚР Конституциясы күні тойланды

 
Астанада “Қазақ елі” монументінің алдындағы алаңда 2,5 мың әскери қызметші, 130-дан астам қару-жарақ пен әскери техника, 60-тан астам ұшақ және тікұшақ шеруге қатысуға сақадай сай тұр. Отанымыздың әскерилері еліміздің басты мерекелерінің бірі – Қазақстан Конституциясы күнінде – құрлық пен әуедегі күрделі әскери техниканы басқарудың жоғары шеберлігін паш етпек. Еліміздің барлық қалаларында тікелей эфир арқылы көрсетілген әскери парадты Қазақстан Республикасының Бас қолбасшысы, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап, барша ел халқын ҚР Конституциясы күнімен құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 

– Ата Заң біздің азаттық алғалы атқарған барлық істеріміздің алтын таразысы болып табылады. Бүгінде дүние жүзі мойындаған өркенді өнегелеріміз Ата Заңымыздың аясында жүзеге асып келеді. Біз тәуелсіздік арқылы ғасырлық мәні бар орасан зор жетістіктерге қол жеткіздік.Ұлы далада жаңа тұрпатты, қуатты мемлекет құрылды. Еліміздің іргесін бүтіндеп, шекарамызды бекемдедік. Экономикалық әлеуетіміз еселеп артып, шуақты Отанымыз мереке мен бірліктің киелі мекеніне айналды.

Бұл күні мыңдаған қазақстандықтар тікелей эфир арқылы бір мезгілде еліміздің мемлекеттік нышаны – Әнұранын орындап шықты.  Қазақстан Республикасы – Конституция күніне орай әскери парад ұйымдастыратын бірегей мемлекет. Елордадағы мемлекетіміздің барлық қарулы күштері бас қосқан үлкен парад Петропавлда да жалғасын тапты. Міне  сап түзеген әскерилер еліміздің туын көкке көтеріп, адымдап жүріп өтті. Облыс орталығында ұйымдастырылған салтанатты шараға әскери институт курсанттары, 67/32 әскери бөлім сарбаздары, шекарашылар, ішкі істер департаментінің тәртіп сақшылары мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатар түзеп өтті. Мерекелік таңда М.Жұмабаев көшесінің бойына жиналған қала тұрғындары әскери техникамен де таныса алды.

 Кемел Конституция – Қазақстанның жаңа ғасырдағы жемісті жолының берік іргетасына айналды. Иен даланы жайлаған алып ел басты заңдар жинағына арқа сүйеп, жарқын болашаққа қадам басты. Табысты экономика құрудың арқасында Қазақстан әлемнің қарқынды дамып келе жатқан елдерінің қатарына шықты. Бұл жолда республика халқы бірлігімен ерекшеленді. Тату елдің әлеуеті артты. Тәуелсіз мемлекетіміздің қарыштап дамуына жерлестеріміздің қосқан үлесі де молынан. Бүгінде солтүстікқазақстандықтар мол астық жинап алуды көздеп отыр. Өңірде мал шаруашылығын дамыту бағытында салмақты жобалар іске асуда. Облыс халқы үдемелі индустирялық-инновациялық даму бағдарламасына белсенді түрде атсалысуда. Ата заң күнімен жерлестерімізді облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

Серік Біләлов, СҚОәкімі:
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  “Ата заң тәуелсіздігіміз бен бірлігіміздің кепілі ретінде елдегі тұрақтылықтың берік тұтқасы” деген болатын. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында бұл мерекені атап өту маңызды. Заңның басты жетістігі – адам құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына болып табылады. Құрметті жерлестер, еліміздің тәуелсіздігі жасай берсін. Конституциямыздың 16 жылдық мерекесі құтты болсын.
 
Еліміздің басты құқықтық нормалар жинағы қабылданған мерекелік күні еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ солтүстікқазақстандық облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды. Ата заңда жазылғандай, еліміздің басты байлығы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары. Айтулы күнде кәмелет жасқа жетіп, еліміздің тең құқылы азаматы атанған қыз-жігіттер де назардан тыс қалмады. Егемен елдің Конституциясымен бірге жасап, биыл 16 жасқа толған мектеп оқушылары облыс әкімінің қолынан жеке төлқұжаттарын алды.
 Осыдан он алты жыл бұрын, Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына сеп болды. Соңғы 16 жылда мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі – Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асып келеді.
Бұл күні мерекелік сахна төрінен еліміздің егемендігін айшықтаған әндер мен билер орындалды. Солтүстікқазақстандықтарды ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы елеулі күнмен құттықтауға қазақстандық белгілі «НұрМұқасан» жұлдызды тобы да келген. Халық – биліктің қайнар көзі болса, еліміздің Ата заңы көптің киелі сөзіне айналды. Қазақстан халқының қалауымен өмірге келген Конституция – азаматтығымыздың айшықты айғағы бола білді. Ата Заң – Тәуелсіздіктің тартуы. Мұны, солтүстікқазақстандықтар қолдап отыр.

 Гүлмира Шоқтыбаева