Қоғам

Мерекелік жәрмеңке

 

 

 

Ата Заң – тәуелсіздігімізді паш ететін егеменді елдің басты құжаты. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысының» аманаты. Ата заң қабылданған күн елімізде барша салтанатымен атап өтіледі. Конституция көшесінде мерекелік шаралар кеңінен қанат жайды. Ата- баба арман еткен тәуелсіз еліміздің Ата заңының қабылданған күні мен қасиетті Ораза айтының қатар келуі бүгінгі мереке салтанатын қыздыра түскен. Елдің тыныштығы, ұлт татулығы, саяси тұрақтылық, алға басқан экономика – ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз. Мерекені бөліскен ағайынды да осы ортақ тілек біріктірген. Облыстың көркемөнерпаздар ұжымдары да мерекені ажарландырып, келген халыққа ән мен жырдан шашу шашып, шат-шадыман көңіл күй сыйлады.  Бұл ақ түйенің қарны жарылған, арқа-жарқа болар сәт. Ырысын даладан жиған халық мерекелік көрме-жәрмеңкеге көл-көсір қылып барын шығарыпты. Саяжайдағы сәбіз-қызылшасын, қызанақ, қиярын сәндеп, сөреге салған «Лейся, песня» ансамблі отандастарына мерекелік көңіл күй сыйлаудың сан қырын қарастырыпты. Ансамбльдің репертуарындағы Любовь Семашконың төл шығармасы мерекеге күні жасалған тағы бір сый болды.  Бұл күні саяжайшылар, мекемелер, мектеп ұжымдары көрмеге сан түрлі өнім жеткізіпті. Ал көкөніс пен жемістен жасалған бұйымдар  өнер туындысы іспеттес. Ағаштың сұрыптары, сирек кездесетін ерекше гүлдер адамның қиялымен ұштасып, жаңа композициялар түзген. Ал бұл уақытта облыс суретшілері тұғырлы тәуелсіздік тақырыбын қағаз бетіне түсіріп жатқан. Тақырып біреу болғанмен, ой ұшқыр, қиял шексіз.

Жамбыл Қалиев, Қазақстан суретшілер қауымдастығының мүшесі:

-Кер құла атты Кендебайды салдым. Жасымнан қазақ ертегілерін жақсы көремін.

Өңірге белгілі қылқалам шеберлері бұл күні салған суреттерін облыстық мұражай қорына тапсырды.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағында да концерт өтті. Мұндағы мереке кішкентай бүлдіршіндерге арналды. Осы шара арқылы ұйымдастырушылар балдырғандарға еліміздің басты заңын біліп, құрметтеудің маңыздылығын түсіндіруді көздеген екен.

 Алма Банных, қалалық мәдениет үйінің балалар бөлімінің меңгерушісі:
-Конституция күніне арналған біздің концертіміз. Бүгін балаларға ойын-сауықтық бағдарлама өткіземіз. Балаларға ұнайды деп мен ойлаймын.

Жиылған жұртқа бұл сахна төрінен жергілікті дарынды балдырғандар өнерлерін паш етті. Ал ҚР Конституциясымен жасты облыстық жастар ұйымының мүшелері «Біздің құқығымыз бар» атты флеш-моб ұйымдастырды. Олар негізгі 16 баптың қағидаларын айтып, түрлі-түсті шарларды көкке ұшырды.  Мұсылмандардың қасиетті Ораза айты биыл Конституция күнімен тұспа-тұс келгенін ескерген халық барша қазақстандықтарды қос мейраммен құттықтады.

– Бүгінгі Ораза айт мерекелеріңіз қабыл болсын! Бүгін қазақ еліміздің, қазақ мемлекетіміздің Конституциясының бекітілуінің 16 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Осы Конституциямыз әрі қарай нығым да мығым мықты болуына сеніміміз зор.
-Конституцияның маңызы қазағымыздың бірлігінде, ынтымағында, келешегіміз құдай қаласа бұдан да нығайып, Қазақстанның заңын жақсы қолданайық.
– Биылғы жылы Конституцияның 16 жылдығын тойлап жатырмыз. Еліміз сау болсын, аспанымыз ашық болсын, заманымыз тыныш болсын! Қазағымыз өрлеп, өніп, өсе берсін. Қадамын ілгері баса берсін!
– Айт қабыл болсын! Барлықтарыңызды мерекемен құттықтаймын!
Денсаулық, ашық аспан тілеймін.

Әсем Рахметова;  Айдана Демесінова