Денсаулық сақтау

Депутаттар емханаларды аралап жүр

Үшінші қалалық емханада арнайы комиссия мүшелері алдымен материалдық-техникалық базасымен танысты.Мекеме толықтай заманауи құрылғылармен жабдықталған. Облыс орталығындағы денсаулық сақтау мекемелерінің ішіндегі жаңасы да осы. Дегенмен білікті мамандарға деген сұраныс бұл емханада да өзектілердің бірі.

Әлия Тәшетова,  «№3 қалалық емхана» ШЖҚ КМК бас дәрігері:
– 1 тамыздан бастап 5 жас маман келді. Оның 3-уі учаскелік дәрігерлер. Сонымен қатар биыл 6 әлеуметтік дәрігер мен 6 психолог жұмыстарына кірісті.

Мекемеде жұрттың қалың кезекке тізілмей, белгіленген уақытта дәрігерге қаралуы үшін талондық жүйе де қарастырылыпты. Алайда тұрғындар бұл жаңашылыққа әлі толығымен бет бұрмаған көрінеді.

Николай Черновол, “Нұр Отан” ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Халықты алдын ала жазып, кезек туғызбас үшін біраз жұмыс атқарылыпты. Осы емханаға бекітілген әр тұрғынның телефон арқылы жазылып, талон алу мүмкіндігі бар. Бірақ олардың белгіленген уақытта қабылдауға келмейтіндері де бар.

Арнайы комиссия мүшелері денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысымен танысып, науқастарға қызмет көрсету деңгейін сараламақ. Нәтижесінде көзге түскен олқылықтарды жою бойынша бірқатар шаралар қолданылады.

Ләззат Жолмұханова, қалалық мәслихат депутаты:
– Біз бұған дейін 1-ші және 2-ші емхананың жұмысымен таныстық. Өзгелермен салыстырғанда, жаңа емханада біраз мәселе шешілген. 2-ші емханаға заман талабына сай құрылғылар аса қажет.
Бұл кем тұстарды есепке алып, халыққа сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасамақпыз.

Емхана 60 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетіп отыр. Петропавлдықтар оңтайлы сәтті пайдаланып, комиссия мүшелеріне автобус бағыттарын ұзарту мәселесін де жеткізіп қалды. Ал дәрігерлердің қызметі көңілден шығады дейді олар.

– Өте жақсы.Маған ұнайды.
– Дәрігерлердің қызмет көрсетуі көңілімнен шықты. Бәрі жақсы.  


Инеш Шоқақова