Қоғам

Ата Заңға – 16 жыл

 

“Еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi. Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең.” Әр азаматқа жақсы таныс бұл нормалар – еліміздің басты құжаты – Конституцияның адам және азаматқа арналған 2-бөлімдегі 29 бірдей бапта көрініс тапқан. Кез келген республика тұрғынына жүктелген маңызды міндеттер де дәл осы ата заңда жазылған.

Гүлбақша Мұсабаева, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ  Заңтану кафедрасының доценті:
-Конституцияда 1-тармақ, 15-бабында ең маңызды адамның құқығы – өмір құқығы. Соған байланысты Астанада Саммит өткен соң, гуманизация жүріп жатыр. Ол демократияның үлкен жетістігі.   ҚР азаматтары құқықтарын біледі  және өмірде қолданады.  

Еліміздің алған бағыты, мемлекеттік құрылымы да басты құжатта айқын көрініс тапты. Бұл ретте  Қазақстан Республикасының шет елдерге құқықтық, зайырлы мемлекет ретінде танылуы – Ата заңның жетістігі. Сондай-ақ, бүгінде әлем жұртшылығы Қазақстан Республикасын көпұлтты мемлекет ретінде мойындап, еліміздегі ұлтаралық келісім моделін жан-жақты зерттеуге көшкен. Бұның барлығы әуелден-ақ, Ата заңда айқындалған нормалардың нәтижесі дейді заң ғылымдарының кандидаты Гүлбахша Мұсабаева. Жас мемлекетімізде құқықтық реформалар әлі де жалғасуда. Әлбетте, алдағы құқықтық даму жолында тарихи құндылықтарымыз бен жетістіктерімізді ұмыт қалдырмау керек.

Гүлбақша Мұсабаева, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Заңтану кафедрасының доценті:
-Көп тарихи оқиғалардан келіп жатырмыз. Ата бабалардан келген жетістіктерді сыйлау керек, құрметтеу керек, басқа ұрпақтарға жеткізу керек деп ойлаймын.

Конституция – кез-келген тәуелсіз мемлекеттің  құқықтық тірегі, болашағының кепілі. Биыл Ата заңның ел халқына қалтқысыз еңбек етіп келетініне 16 жыл толып отыр. Сондықтан  қазақстандықтардың теңдігі мен еркіндігін қамтамасыз еткен Ата заңды құрмет тұтып, оның талаптарына сай өмір сүру әр азаматтың парызы.

 Гүлбақша Мұсабаева, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Заңтану кафедрасының доценті:
-Қазіргі уақытта елде болып жатқан өзгерістерден шет қалмай, өзгерістерді сезіп, жұмысын жақсы атқарып, жақсы оқып, мемлекет үшін адал еңбек жасау керек.  

 Гүлмира Шоқтыбаева