Бизнес және экономика

Жанар май мәселесі шешілуде

 

 

 

 

Қасқалдақтың қанындай болған бензин соңғы бір -екі күнде станцияларға жеткізілді. Егіс пен орақтың алдында көзден бұлбұл ұшатын дизель отыны да саудаға түсті. Он шақты күннен бері жанар май құю станцияларының арасында сабылған көлік иелері әйтеуір аз отынды қанағат тұтты. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметі бойынша, тамызда жанар май тапшылығының бірнеше себебі бар.

Александр Иванищев, СҚО кәсіпкерлік және өнеркісіп басқармасы бастығының орынбасары:

 – «Мұнай өнімдері айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңға өзгертулер енгізілді. Заң талаптарына сай жанар май жеткізушілерге қойылатын талаптар да күшейтілді. Осыған байланысты бірнеше күн жағдай күрделі болды. Бүгінде облысқа жанармай келіп жатыр. «Меркурий мұнай өнімдері» серіктестігіне 1мың тонна 80-ші , 1,5 мың тонна 92-ші бензин келді.

Облысқа тамыз айына 1700 тонна 80-ші маркілі бензин әкелу жоспарланған екен. 92-нің 3 мың тоннасына тапсырыс жасалған. 4 мың тонна дизель отыны қажет еді. Бұл көлем толық келмесе де барынша мол өнім жеткізу жоспарланып отыр.
Бұл күндері жанар-жағар май станцияларының басындағы кезек азайыпты. Негізгі операторлар 92-ші бензинді саудаға шығарыпты. Кейбір станцияларда әлі де талонмен жанар май босату сақталған.

– Барлық қозғалыс тоқтап қала жаздады. Жұмысқа бару қиындады. Бензиннің жеткені әрине, жақсы.
– Бензин керек болып шарқ ұрған кезіміз болды. Бензиннің қолжетімді болғаны жақсы, бірақ әлі де қымбаттайды деп ойлаймын.

Бір қолға 20 литр бензин босату да кей станцияларда сақталған. Себебі, зауыттардан тауар жеткізу машақаты бір айға дейін созылады.

Әсем Рахметова