Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыста мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы қарқын алып келеді

 Ақжар ауданындағы «Исин» шаруа қожалығына қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырлары Тайыншадағы Аққұдық ауылындағы «Ала ботадан» жеткізілген. Шаруа қожалығының басшысы Серік Исин мал сатып алу үшін қаржыны ауыл шаруашылығын қолдау қорынан алыпты. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3,5 млн. теңге несие ресімдеген. Ол бұл бағдарламаның ұсақ шаруашылықтар үшін аса тиімді екенін айтады.

 

Серік Исин, «Исин» шаруа қожалығының басшысы:
-Аққұдықтан барып асыл тұқымды мал әкелдік. Бүгінде малдар бағып-күтілуде. Келесі жылы тағы мал алуды жоспарлап отырмын.

Мемлекеттік қаржылық қолдауға «Алтын дән» шаруа қожалығы да ие болған. Несиелеу шарттары өте қолайлы дейді шаруашылық жетекшісі Алтынай Ғалымова. Қазіргі күні мал жайылымда бағылуда.

Алтынай Ғалымова, «Алтын дән» шаруа қожалығының жетекшісі, Ақжар ауданы:
– Белгілі бір уақыт өткеннен кейін ғана оларды өзге малмен бірге бағамыз. Жақсы төл болу үшін тайыншалар сатып алдық. Осындай қолдау үшін рахмет айтамыз. 6 пайыздық үстемеақымен 7 жылға несие ресімдедік. Бұл біз үшін өте қолайлы.

«Сыбаға» бағдарламасы ұсақ ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін арнайы әзірленген. Бағдарлама операторы – ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры. Облыс әкімі Серік Біләлов ауылдықтарға асыл тұқымды мал басын көбейту үшін – бұл жақсы тәжірибе екенін және оны жалғастыру қажеттігін баса айтты. Әсіресе, бүгінгі күні елімізде мал шаруашылығын дамыту жобасы қарқынды түрде жүзеге асырылып жатқанда қарап қалуға болмайды.
Үстіміздегі жылдың сегіз айында өңірімізге шеттен 520 бас асыл тұқымды мал жеткізілген. Негізінен – неміс және австриялық симменталдар. Қыркүйек-қазан айларында тағы 840 ірі қара әкелінбек. Бұл орайда жем-азық базасының маңызы айырықша дейді мамандар. Аудандарға жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Мағжан Жұмабаев ауданындағы құрамажем зауытында болды. Кәсіпорын тәулігіне 140 тонна азық шығарады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Мал шаруашылығының дамуына байланысты бізге құрама жемазық қажет болып отыр. Біз сатып алған малдың бәріне осындай жемазық керек. Орта есеппен тәулігіне 5 тонна қажет.

Кәсіпорын жоспар бойынша жұмыс істеп жатыр, бүгінде мұндағылар құрама жем өндірісі үшін қажет бірқатар компоненттерді жеткізуге келіссөздер жүргізуге дайындалуда.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің орынбасары:
– Мал шаруашылығын дамыту үшін үлкен жұмыс жүріп жатыр. Мал өсу үшін рацион дұрыс болуы керек. Компоненттерді Степногорск, Қарағандыдан әкелу керек. Барлық мал шаруашылығымен айналысатындарға бір жерден таратуға мүмкіндік бар. Әрі қарай әр ауданда өзінің жемазық цехын ашу керек.
Жай шөппен, сабанмен мал күту деген болмайды.

Айымгүл Әбілева