Құқық қорғау органдары

Есірткі сатқан үшеу қолға түсті

Есірткі саудасымен күрес басқармасына героин тарататын  әйел адам туралы ақпарат түскен. Бұл мәліметтің анық-қанығына көз жеткізу үшін тәртіп сақшылары 26 жасар азаматты бақылауға алыпты. Нәтижесінде бұрын сотталған қала тұрғыны «крокодил» деп аталатын аса қауіпті улы затты өзінің де қабылдап жүргені анықталған.

Әлия Ешпенова, СҚО ІІД есірткі саудасына қарсы күрес басқармасының инспекторы:

-Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде ұсталған азаматшаның нашақорларға жалпы салмағы 5 грамм болатын героинды сатқандығы анықталды. Күдікті қамауға алынды.

Азаматшамен бірге наша сатумен айналысқан 24 жасар тұрғын да құрықталды. Ол нашақор ретінде облыстық наркологиялық орталықта тіркеуде тұрған көрінеді. Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер есірткі сатумен күн көретін тағы бір адамның ізіне түсті. 21 жасар жігіт ұсталғандарға героин сатыпты. Ол бұған дейін 3 рет қылмыстық жазаға тартылған екен. Үшеуі де қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Жыл басынан облыс полицейлері заңсыз айналымдағы 300 килодан астам есірткіні тәркіледі. Оның 300 граммға жуығы героин.

 

Айдана Демесінова